Қылмыстық заңнамаға кешенді өзгерістер енгізілді – Абзал Құспан
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне және Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Осыған байланысты Мәжіліс депутаты, заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Абзал Құспан Kazinform агенттігіне пікір білдірді.
Депутаттың айтуынша, 2014 жылы қабылданып, 2015 жылдан бастап қолданысқа енгізілген Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстері асығыс қабылданған. Соның салдарынан олар тұрақты жұмыс істей алмай, жыл сайын көптеген өзгеріс пен толықтыру енгізуге тура келген. Бұл өз кезегінде құқық қолдану тәжірибесінде бірізділіктің бұзылуына әкелді.
– 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қылмыстық заңнамаға кешенді ревизия жүргізу қажеттігін атап өтіп, заң жобасын әзірлеуді Әділет министрлігіне тапсырды. Ал 2023 жылы VIII шақырылым Парламентінің алғашқы сессиясында Президент осы кодекстерді сапалы әрі ұзақ мерзімге тұрақты ету міндетін депутаттардың алдына қойды. Осы тапсырма аясында 2023 жылғы сәуір айынан 2025 жылғы маусымға дейін екі жылдан астам уақыт бойы жүйелі жұмыс жүргізілді. Жұмыс тобына мен төрағалық еттім, - деді Абзал Құспан.
Оның айтуынша, қабылданған заңдағы басты өзгерістердің бірі – Қылмыстық-процестік кодекске қатысты. Атап айтқанда, қорғану тараптарының мүмкіндіктері едәуір кеңейтілген.
– Адвокаттардың процестік құқықтары күшейтілді. Қорғануға құқығы бар куәнің қылмыстық іспен танысу, сараптама тағайындау және оны жүргізу барысындағы құқықтары нақты регламенттелді, - деді депутат.
Сонымен қатар Қылмыстық кодекске қоғамдағы өзекті мәселелерге жауап беретін жаңа қылмыс құрамдары енгізілді. Олардың қатарында сталкинг, дропперлік, заңсыз банктік және коллекторлық қызмет бар. Бұрын қылмыссыздандырылған қыз алып қашу, яғни үйленуге мәжбүрлеу бабы қайта қалпына келтірілді. Кәсіпкерлік салада ұйымдасқан қылмыстық топ туралы баптың негізсіз қолданылуына да заңнамалық шектеулер қойылды.
Ал Қылмыстық-атқару кодексінде сотталған азаматтардың жаза өтеу тәртібі, құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ мерзімінен бұрын босап шығу шарттары нақтыланды. Сонымен қатар Абзал Құспан заңдағы ең маңызды жаңалықтардың бірі сталкингке қарсы жеке қылмыстық баптың енгізілуі екенін атап өтті.
– Бұл норма бұрын Қазақстан заңнамасында ғана емес, бірқатар көрші мемлекеттің құқықтық жүйесінде де болмаған. Сталкинг – жәбірленушінің еркінен тыс, оның жеке өміріне қол сұға отырып, жүйелі түрде жүзеге асырылатын қудалау әрекеттері, - деді ол.
Сталкингке адамның соңынан қайта-қайта аңду, байланыс құралдары арқылы үздіксіз мазалау, интернет кеңістігінде бақылау жүргізу, жәбірленушінің келісімінсіз тұрғын үйіне, жұмыс орнына немесе көлігіне бейне не аудиобақылау құралдарын орнату, сондай-ақ жәбірленушіде қорқыныш пен психологиялық қысым тудыратын өзге де жүйелі әрекеттер жатады.
– Мұндай әрекеттердің салдарынан жәбірленушінің өмір сүру салтына, психологиялық жай-күйіне немесе жеке қауіпсіздігіне нақты қатер туындаса, ол сталкинг ретінде сараланады, - деді депутат.
Оның айтуынша, бұл норманы әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибе жан-жақты зерттелген. 2024 жылы жұмыс тобының мүшелері Канадаға арнайы іссапармен барып, осы институттың құқықтық тетіктерін зерделеген.
Жаңа бап бойынша айыппұл салу немесе 50 тәулікке дейін қамау түріндегі жаза көзделген. Депутаттың айтуынша, норма жаңа болғандықтан, санкциялары бастапқы кезеңде жеңілдетілген, ал алдағы уақытта құқық қолдану тәжірибесіне қарай жетілдірілуі мүмкін.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов дәрігерлерді қорғайтын заңның қабылдануына, оның маңыздылығына қатысты пікір білдірді.