Қырғызстан оңтүстігінде үш мәрте жер сілкінді
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстан аумағында, қырғыз-тәжік шекарасына жақын жерде үш жер сілкінісі тіркелді, дүмпу ошағында ең жоғары магнитуда 5,5 балл болған, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.
Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Сейсмология институтының алдын ала мәліметтері бойынша, бірінші жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 3:34–те тіркелді. Дүмпудің ошағындағы қарқыны 5,5 (магнитудасы 5,9) болған. Эпицентрі Бор-Дообо елді мекенінен солтүстік-батысқа қарай шамамен 14 км, Талды-Судан оңтүстік-шығысқа қарай 20 км және Ош қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 110 км жерде орналасқан.
Бор-Дообо елді мекенінде Рихтер шкаласы бойынша шамамен 5,0 балл, Талды-Суу, Арча-Бұлақ және Сары-Моголда Рихтер шкаласы бойынша 4,0 балл, Дароот-Қорған мен Нұрда Рихтер шкаласы бойынша 3,0 балл болды.
Екінші жер сілкінісі таңғы сағат 3:44–те тіркелді, дүмпу ошағында 3,5 балл (магнитудасы 3,9), эпицентрі Бор-Дообо ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 1 км жерде орналасқан. Бор-Дообо ауылында дүмпу күші 3,5 балл болды.
Таңғы сағат 4:50–де тіркелген үшінші жер сілкінісінің ошағында 4,5 балл (магнитудасы 4,7) болды. Эпицентрі Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында — Бор-Дообо ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 8 км, Сары-Таш ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 35 км және Ош қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 126 км жерде орналасқан.
Бор-Дообода шамамен 4,5 балл, ал Талды-Суу, Сары-Таш, Қара-Кіндік, Сары-Могол және Нұрада 3,5 балл сезілді.
Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында 28 қазан күні де 4,7 балдық жер сілкінісі болған еді.
Кеше Қытайда 4,3 магнитудалы жер сілкінісі тіркелді.