Қырғызстанда зорлық-зомбылық пен адам саудасына қарсы 5200 жедел желісі ашылды
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда зорлық-зомбылық пен адам саудасынан зардап шеккендерге арналған 5200 сенім телефоны іске қосылды, деп хабарлайды Кабар.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында Еңбек, әлеуметтік даму және көші-қон министрлігі жаңа әлеуметтік жобаны — тәулік бойы жұмыс істейтін 5200 сенім телефонын іске қосты.
Ведомствоның мәліметінше, бұл желі отбасылық зорлық-зомбылық пен адам саудасынан зардап шеккендерге жедел әрі сапалы көмек көрсетуге арналған.
5200 нөміріне қоңырау шалған әрбір азамат тегін, анонимді және құпия түрде көмек ала алады. Сенім телефонында зорлық-зомбылық, дағдарыстық жағдайлар және психологиялық қолдау көрсету мәселелері бойынша арнайы дайындықтан өткен кәсіби психологтар мен кеңесшілер жұмыс істейді.
Сенім телефоны тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн жұмыс істейді және Қырғыз Республикасының бүкіл аумағында барлық ұялы байланыс операторы арқылы қолжетімді.
Сенім телефонының негізгі бағыттары:
-
зорлық-зомбылық пен қанауға ұшыраған жандарға психологиялық қолдау көрсету;
-
зардап шеккендердің құқықтарын қорғау шаралары мен қолжетімді қызметтер туралы ақпарат беру;
-
қауіпсіз баспана, медициналық және заң көмегіне қатысты кеңес беру;
-
зорлық-зомбылық құрбандарының туыстары мен куәгерлеріне қолдау көрсету.
Бұдан бұрын Бішкекте тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғау үшін электронды білезіктер енгізілгенін жазғанбыз.
Сондай-ақ Қырғызстан түнде алкоголь сатуға шектеулер енгізуді жоспарлап отыр.