Қысқы Азия ойындары: Ябули тау шаңғысы курортында теміржол инфрақұрылымын жаңарту аяқталды
БЕЙЖІҢ. KAZINFORM – IX Қысқы Азия ойындары өтетін Ябули тау шаңғысы курортында теміржол инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары аяқталды.
Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, Вэйхэ қаласынан Ябули тау шаңғысы курортына дейінгі теміржол инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары толық аяқталып, Ябули теміржол вокзалы пайдалануға берілді.
Теміржол инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары осы жылы сәуір айында басталып, Ябули оңтүстік және батыс теміржол вокзалдары, сондай-ақ, Вэйхэ қаласынан тау шаңғысы курортына дейінгі темір жолын жаңғырту сынды жобаларды қамтиды.
Айта кетерлігі, қысқы Азия ойындары кезінде батыс Ябули станциясындағы жүрдек пойыздар санын 40-қа жеткізу жоспарлануда, ал Ябули оңтүстік станциясында 3 арнайы пойыздар қатынайды, оның бірі Бейжіңнен тікелей жүретін жылдам пойыз.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 2025 жылы Харбин қаласында өтетін дүбірлі дода тарихта ең көп ел қатысқан қысқы Азияданың бірі болмақ.
Сонымен қатар ҰОК өкілдері Харбин қаласында өткен қысқы Азия ойындарына дайындық семинарына қатысқан еді.