Қытай-Мьянма әуе қатынасы жойқын зілзаладан кейін қайта жанданды

АСТАНА. KAZINFORM — Жойқын зілзаладан кейін тоқтатылған Қытайдың Куньмин қаласы мен Мьянманың Мандалай қаласы арасындағы әуе қатынасы қалпына келтірілді, деп жазады Синьхуа.

Мандалай
Фото: Синьхуа

Жексенбі күні Қытайдың оңтүстік-батысындағы Юньнань провинциясының әкімшілік орталығы — Куньмин мен Мьянманың Мандалай қаласы арасындағы екі бағыттағы әуе рейстері қайта басталды. Бұл бағыттағы қатынас наурыз айында Мьянмада болған жойқын зілзала салдарынан уақытша тоқтатылған болатын.

China Eastern Airlines әуе компаниясының Юньнань филиалынан хабарлағандай, Куньмин–Мандалай бағыты бойынша MU2029/MU2030 рейстері Boeing 737 ұшағымен орындалады. Бұрынғы жұмыс кестесі сақталған: аптасына төрт рет – дүйсенбі, сәрсенбі, жұма және жексенбі күндері ұшады.

28 наурызда Мьянмада магнитудасы 7,9 болатын жер сілкінісі тіркелген еді. Табиғи апат салдарынан көптеген нысан, соның ішінде Мандалай әуежайының инфрақұрылымы зақымданды. Осыған байланысты әуе қатынасы уақытша тоқтатылған еді.

China Eastern Airlines компаниясы әуе қатынасының қалпына келуі Қытай мен Мьянма арасындағы екіжақты сауда, мәдени-гуманитарлық байланыс, апаттан кейінгі қалпына келтіру ісінде ынтымақтастықты нығайтуға және Юньнань провинциясының Оңтүстік-Шығыс Азиямен байланысын одан әрі бекемдеуге септігін тигізеді деп сенім білдірді.

Айта кетейік, Оңтүстік-Шығыс Азия елдері ассоциациясы (АСЕАН) қаңтар–мамыр айларының қорытындысы бойынша Қытайдың ең ірі сауда серіктесі болып қалды. Бұл кезеңде Қытай мен АСЕАН арасындағы тауар айналымы 3,02 трлн юаньға (шамамен 422 млрд АҚШ долларына) жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,1 пайызға артты.

Бұдан бұрын 28 наурыздағы жойқын жер сілкінісінен кейін жабылған Янгон-Мандалай теміржол желісі мен Мандалай халықаралық әуежайы 7 сәуірде қайта ашылғанын жазғанбыз.

8 сәуірдегі жағдай бойынша Мьянмадағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 3,5 мыңнан асты.

Соңғы жаңалықтар