Қытай «Цзелун-3» коммерциялық зымыран-тасығышы арқылы теңізден 7 спутник ұшырды

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай бейсенбі күні теңізден «Цзелун-3» /Smart Dragon-3, SD-3/ зымыран-тасығышын сәтті ұшырып, жеті спутникті, соның ішінде Пәкістанның PRSC-EO2 спутнигін орбитаға шығарды.

ғарыш, зымыран, спутник
Фото: Синьхуа

Ұшыруды Бейжің уақыты бойынша 14:37-де Гуандун провинциясының (Оңтүстік Қытай) Янцзян қаласы жағалауындағы теңіз акваториясынан Тайюань ғарыш айлағы мамандарының командасы жүзеге асырды.

Аталған ұшырылым Қытай мен Пәкістан арасындағы ғарыш саласындағы ынтымақтастықтың маңызды жетістігі болды. PRSC-EO2 спутнигі жоғары ажыратымдылықтағы оптикалық құралдармен жабдықталған. Ол жинаған қашықтан зондтау деректері Пәкістанда жер картографиясы, қоршаған ортаны және табиғи апаттарды мониторингілеу, табиғи ресурстарды қорғау сияқты салаларда қолданылмақ.

Бұл — бортында бірнеше спутнигі бар «Цзелун-3» зымыран-тасығышының коммерциялық мақсаттағы төртінші ұшырылымы. Аталған модельдің пайдалы жүктемеге бейімделгіштігі, қолдану аясының кеңдігі және коммерциялық қызмет көрсету мүмкіндіктері тұрғысынан негізгі артықшылықтарын көрсетеді.

Еске сала кетсек, жуырда Қытайдың 6 дөңгелекті көлігі Антарктикада 10 мың шақырымнан астам жол жүріп өтті.

Сондай-ақ Қытайдың гибридті жүк таситын дрон ұшағы алғаш рет әуеге көтерілді.

Соңғы жаңалықтар