Қытайдан Еуропаға жіберілетін жерүсті тасымалының 80% Қазақстан арқылы өтеді

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қытайлық серіктестерді көлік инфрақұрылымы саласындағы жаңа жобаларды бірлесіп іске асыруға шақырды.

жүк тасымалы, экспорт
Фото: Александр Павский/Kazinform

Оның айтуынша, Орталық Азияның транзиттік және логистикалық әлеуеті Қытайға орасан зор мүмкіндіктер ашады.

− Бұл өңір ежелден Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті байланыстыратын маңызды сауда жолдарының тоғысқан нүктесі саналады. Бүгінде Қытайдан Еуропаға бағытталған жерүсті тасымалдарының 80%-дан астамы Қазақстан арқылы өтеді. Біз Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделіміз. Аталған мегажоба Орта дәлізбен бірге «Солтүстік — Оңтүстік» және «Шығыс — Батыс» бағыттарының әлеуетін одан әрі аша түседі, — деді Серік Жұманғарин елордада «Орталық Азия — Қытай» іскерлік кеңесінің екінші отырысында.

Министрдің айтуынша, 2024 жылы Қытай, Қазақстан, Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузия, Түркия және Еуропа елдеріне жалғасатын Орта дәліз арқылы жүк тасымалы көлемі 60%-дан астам өсіп, 4,5 млн тоннаға жетті.

− 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті жылына 10 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Қытайлық серіктестерді көлік инфрақұрылымы саласындағы жаңа жобаларды бірлесіп іске асыруға шақырамыз, − деді Серік Жұманғарин.

Айта кетейік, бүгін елордада «Орталық Азия — Қытай» ІІ саммиті өтеді. Оған өңірдегі 5 мемлекеттің басшылары мен Қытай Халық Республикасының төрағасы қатысады.

Ең алғашқы саммит 2023 жылдың 19 мамырда Қытайдың Сиань қаласында өткен еді. Саммит қорытындысында Мемлекеттер басшылары Сиань декларациясына қол қойып, бірқатар бастаманы қабылдаған.

2024 жылы Орталық Азия өңірі мен Қытай арасындағы сауда қарқыны 95 млрд АҚШ долларына жеткен және оның жартысына жуығы Қазақстанға тиесілі болды. Осылайша, екіжақты сауда айналымы рекордтық 44 млрд долларға жеткен.

Сонымен бірге, Орталық Азияның органикалық өнімдері Қытай нарығында жоғары бағаланады.

Соңғы жаңалықтар