Қызылорда қаласында биыл қандай көшелер жөнделеді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Толассыз жаңбыр жауған күндері Қызылорда қаласы тұрғындарының тарапынан әлеуметтік желіде шеткері көшелерге су жиналып, тіпті балшықтан аяқ алып жүру қиындап кететіні туралы шағым көбейді.

Қызылорда жолдары
Фото: Қызылорда әкімдігі

Kazinform тілшісінің осы мәселеге байланысты сұрағына қала әкімі Нұржан Ахатов жауап берді. 

— Жаңбыр жауған кездері ондай мәселелер болды. Бірақ коммуналдық сала қызметкерлері күн-түн демей жұмыс істеп жатыр. Суды мүмкіндігінше бір-екі күнде арнайы техниканың көмегімен тартып алуға тырысады. Жауын-шашынды күндері бірінші кезекте орталық көшелерге басымдық берілетіні рас. Содан кейін шет аймақтарға ауысамыз. Халықтың шағымы осыдан туындайды. Қаланың шеткері бөлігінде мәселе барын әлеуметтік желі арқылы біліп, бақылап отырмыз. Мұндай көшелерге негізінен халықтың жүруіне ыңғайлы етіп тас төселеді, — деді ол.

Қызылорда
Фото: Қызылорда әкімдігі

Жергілікті билік орталыққа ғана емес, кенттер мен ауылдардағы, шет аймақтардағы жолдардың сапалы болуына басымдық беріп отыр. 

— Өткен жылы Бәйтерек, Шанхай, Титов, КБИ, Саяхат шағын аудандарындағы 35 көшеге асфальт, Эдельвейс, Ягодка саяжайларының 20-ға жуық көшесіне тас төселді. Сондай-ақ көпқабатты үйлердің (Ақмешіт, 3-ірілендірілген квартал, Астана-1, 2, Арай-3, Тоқмағамбетов, № 3 үй) аулаішілік жолдары жаңартылды. Халық қатысатын бюджет жобасы арқылы ұзындығы 4 шақырым 7 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды. Бұл бағыттағы іс-шараларды биыл да жалғастырамыз. Назарбаев даңғылының Баймаханов көшесінен бастап Тасбөгет кентіне дейінгі аралығын қайта жаңғыртып, күрделі жөндеуден өткіземіз. Бұл жұмыстың қатарына Тасбөгет кентіндегі Иманов, Бозғұл-1, Наурыз және Есенов көшелері енді. Сондай-ақ, Баймаханов пен Шәменов көшесінің аралығына дейінгі Спанов көшесін де қайта жаңғыртамыз, — деді Нұржан Ахатов.

Қызылорда
Фото: Kritika_Kyzylorda_kalasy Instagram парақшасы

Тәуелсіздікке — 25 жыл даңғылы Маханбетов көшесіне жалғасып, Марал Ишан көшесінің кіреберіс қақпаға дейінгі аралығы жаңа кейіпке енбек. Қала басшылығы бұл жобалар үшін мемлекеттік сараптама қорытындысын күтіп отыр.

— 2 млрд 659 млн теңгеге кент және ауылдық округтердің 29 көшесіне қайта жаңғырту, орташа жөндеу жұмысы жүргізіледі. Тізімде Белкөл кентіндегі орталық көше, Тасбөгет кентіндегі Шоқай, Олжабайұлы, Әбенов, Абай, Қызылжарма ауылдық округіндегі Нақыпұлы, Ділдебаев, Алмағанбетов, Абдулов көшелері, Мейірманов, Алтықұлаш, Қаратау, Тереңсай, Қараарын, Төсбұлақ, Күркіреуік, Терісақпай, Ақсуат ауылдық округіндегі Байтен, Жөнбаев, Сарыкөл, Үсенбаев, Әбиев, Жаңатұрмыс, Қырықбайтақ, № 10 «В», Әлімов, Қаратаев, Қызылөзек ауылдық округіндегі Қараөзек бекеті — 4, Құнанбаев көшелері бар, — деді қала әкімі.

Бұған дейін Алматы әкімдігі жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында биыл қала көшелерін ұзартуға ерекше назар аударып отырғанын атап өткен едік.

Соңғы жаңалықтар