Қызылорда облысында 5 жылда 206 әкімді халық сайлады

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Өткен жылы Қызылорда облысында 56 әкім жаңадан сайланды. Олардың 30-ын саяси партиялар, ал қалғаны өзін өзі ұсынған.

сайлау
Фото: Қызылорда облыстық сайлау комиссиясы

Облыстық сайлау комиссиясы тікелей сайлау жүйесі қолданысқа енгізілгелі әкім сайлаулары белсенді түрде жүргізіле бастағанын мәлімдеді.

- 2021 жылдан бастап бүгінге дейін 206 әкім сайлауы өтті. Жаңадан сайланған әкімдердің 103-і бұрын ауылдық округ әкімі қызметін атқарса, 103-і алғаш рет сайланды. Былтырғы 56 сайлау бойынша 41 әкімнің өкілеттілік мерзімі аяқталған болса, қалған 15-інің өкілеттілігі мерзімінен бұрын тоқтаған, - деді комиссия төрағасы Әділбек Ерсұлтанов.

Қазіргі күні облыста аудандық маңызы бар кент және ауылдық округ әкімдерінің саны – 146.

Оның 143-і – ер адам, 3-і – әйел. 146 әкімнің 69-ын саяси партиялар, ал қалғаны өзін өзі ұсынған.

- Әкімдер сайлауы биыл да жалғасады. Заңға сәйкес әкімдерге 4 жыл мерзімге өкілеттілік беріледі. 2026 жылы 29 кент және ауылдық округ әкімінің сайланғанына 4 жыл толады. Биыл сайланатын 29 ауыл әкімінің 3-і Қызылорда қаласында, 3-і Арал, 5-і Қазалы, 6-ы Жалағаш, 2-і Сырдария, 7-і Шиелі, 3-і Жаңақорған аудандарында өтеді, - деді комиссия төрағасы. 

Алғашқы сайлау 8 ақпан күні Сырдария ауданында өтпек. Аудан орталығының тұрғындары саяси маңызды шара барысында Тереңөзек кентінің әкімін сайлайды.

Бұған дейін Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин ауыл және аудан әкімдерін тікелей сайлау – бұрын-соңды болмаған саяси тәжірибе екенін атап өткен еді.

 

Соңғы жаңалықтар