Қызылорда облысындағы 146 мал қорымының 57-сі — қарапайым шұңқыр

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында мал өлекселерін тастайтын 146 мал қорымының бәрі бірдей талапқа сай емес. Сондықтан аса қауіпті аурулардың алдын алу үшін өңірдегі барлық елді мекенді типтік жобадағы қорыммен қамтамасыз ету мәселесі шешіліп келе жатыр.

Қызылорда облысы, ветеринария, типтік жобадағы мал қорымдары
Фото: Қызылорда облысы әкімдігінің ветеринария басқармасы

Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, 146 қорымның 89-ы типтік жобада болса, 57-сі — қарапайым шұңқыр.

— Аса қауіпті аурулардың алдын алу, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында ауылдық округтерді мал өлекселері мен биологиялық қалдық тастайтын типтік жобадағы мал қорымдарымен толық қамтамасыз ету қажет. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныс бердік. Нәтижесінде 2026-2027 жылдары типтік жобадағы 145 мал қорымын салу жоспарланды. Ол үшін 3,5 млрд теңге қаржы бөлінді, — деді басқарма басшысы Шахмардан Койшыбаев.

Қызылорда облысы әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Койшыбаев
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Облыстағы 57 сібір жарасының көміндісі талапқа сәйкес қоршалды. Қауіпсіздік белгілері қойылып, мемлекеттік жер кадастрлық нөмірі алынды. Облыстық бюджеттен 32,2 млн теңге бөлініп, көмінділердің санитарлық қорғаныш аймағы белгіленді.

Ал Ақтөбеде мал өлекселерін көметін орын әзірлеуге биыл 686 млн теңге жұмсалады.

Соңғы жаңалықтар