Қызылорда соты оқушыны жезөкшелікке тарту бойынша аппеляциялық сатыдағы істі қарады
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда облыстық соты кәмелет жасына толмаған жәбірленушіні азаптау, жезөкшелікпен айналысуға тарту фактілері бойынша аппеляциялық сатыдағы істі қарады. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Қылмыстық іс қорғаушы жақтың апелляциялық сатыға сотталғандарды жартылай ақтауды және жазаны төмендетуді сұраған шағымдарымен келіп түскен. Нәтижесінде сот кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың сотталғандарға қатысты сот үкімін өзгеріссіз қалдырды.
- Сот үкімімен кәмелетке толмағандар М.Н., А.Ж., Қ.Д. қылмыстық кодекстің 134-бабы 3-бөлігімен, 1, 2-тармақтарымен (кәмелетке толмағанды жезөкшелікпен айналысуға тарту), ҚК-нің 194-бабы 3-тармағы 2-тармақшасымен (ірі мөлшерде пайда табу мақсатында қорқытып алу), ҚК-нің 110-бабы 2-тармағы 1-тармақшасымен (көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты азаптау) кінәлі деп танылып, қылмыстық құқықбұзушылықтар жиынтығы бойынша әрқайсысына 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалған.
Б.А. ҚК-нің 194-бабы 2-бөлігін 2-тармақшасы бойынша кінәлі деп танылып, оған 4 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Т.Ұ. және Қ.А. ҚК-нің 28-бабының 5-бөлігі, 194-бабы, 2-бөлігі 1, 2-тармақшасы бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсысына 4 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Т.А., Б.А. және Т.Д. ҚК-нің 134-бабы 3-бөлігі 1-тармағы және ҚК-нің 194-бабы 2-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша олардың әрқайсысына 7 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалған.
ҚПК-нің 29-бабының талаптарына сәйкес, бұл іс жабық сот отырысында қаралды.
Сот алқасы бірінші сатыдағы сот үкіммен келесі негіздерге сәйкес келіседі:
1. Сот істің мән-жайын дұрыс анықтаған.
2. Сотталғандардың кінәсі сотта зерттелген дәлелдер, жәбірленуші және куәлардың айғақтары, сот сараптамаларының қорытындысы арқылы толық расталған.
3. Жәбірленуші жақтың азаматтық талап қоюы дұрыс шешілген.
4. Сотталғандарға жаза қылмыстық заң баптарының санкциясы шегінде, жасалған құқықбұзушылықтың қоғамдық қауіптілік сипаты мен дәрежесі, жасаған әрекеттеріне сәйкес, олардың жеке басы, қылмыс жасаудағы әр қайсысының рөлі, қылмыстық жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар ескеріліп, сотталғандардың түзелуіне қажетті және жеткілікті тағайындалған.
5. Сот алқасы үкімді бұзуға немесе өзгертуге негіз бола алатын материалдық және процессуалдық заң талаптарын бұзу дерегін анықтамады, - делінген хабарламада.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Айта кетейік, 3 сәуір күні Қызылордада 16 жастағы қызды сыныптастары сексуалды құлдықта ұстаған оқиғаға қатысты 9 адамға сот үкімі шықты.
Ал одан бұрын, 2024 жылы 11 қарашада Қызылорда қаласының №2 сотында айыпталушыға қатысты ҚР ҚК 194-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша (қорқыту) қылмыстық іс қаралды.
Біз бұрын Қызылордада сыныптасын жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген оқушылар күдікке ілінгенін жазған болатынбыз.
Артынша Қызылордада келеңсіздікке жол бергендер қызметінен кетті.
Кейін ҚР ІІМ жәбірленуші тұратын аумақты тәулік бойы күзетті.
Ғани Бейсембаев оқушыны жезөкшелікке мәжбүрлеу дауына қатысты пікір білдірді.
Тергеу жүріп жатқанда Қызылордада оқушыны жезөкшелікке мәжбүрлеген 8 күдікті қамалды.
Кейінірек оқушыны жезөкшелікке мәжбүрлеуге қатысты 13 адам анықталды.