Қызылорда тұрғыны заңсыз ойын бизнесінен түскен ақшаға көлік сатып алған

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған Қызылорда қаласының тұрғынына қатысты қылмыстық істі тергеді. 

Ойын бизнесі
Фото: Видеодан алынған кадр

Департаменттің мәліметінше, тергеу барысында күдіктінің қылмыстық жолмен тапқан қаражатқа ГАЗ-4301 маркалы автокөлік сатып алғаны анықталды. Бірақ қылмысын жасырмақ болып оны жақын танысының атына тіркеп, заңдастырған. Бұл деректер бір қылмыстық іске қоса біріктіріліп, сот үкімімен күдіктінің бос бостандығы 2,5 жылға шектелді. Ал қылмыстық жолмен алынған көлікті тәркілейтін болды.

Биыл 7 айда аталған ведомствоның өндірісінде 37 қылмыстық іс болса, оның 32-сі ауыр санатты. Аяқталған істердің үлесі — 79%. Мемлекетке 784 млн теңгеден астам залал келтірілсе, соның 248,6 млн теңгесі тікелей қаржылай, ал мүлікке тыйым салу шараларын қоса алғанда 549,7 млн теңгесі өндірілді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қармақшы ауданындағы № 99 орта мектептің есепшісі 2022-2024 жылдар аралығында артық аванстық төлемді өзінің және 6 сыбайлас мұғалімнің есепшотына жүйелі түрде негізсіз аударып отырған.

Соңғы жаңалықтар