Қызылордада әлеуметтік көмек алушылар азайғаннан 370,3 млн теңге үнемделді
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Президент тапсырмасымен мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмек алушыларды анықтау бағытындағы жұмыс жалғасып жатыр.

Мониторингтік топтардың жұмысы нәтижесінде Қызылорда облысында көмек алушылар саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 33,1%-ға азайды, 370,3 млн теңге қаржы үнемделді.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері 3 708 отбасыға 1 263,6 млн теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек берілді. Сондай-ақ сол отбасылардағы бір жастан алты жасқа дейінгі 5 920 балаға 170,1 млн теңге қосымша төлем төленді.
— Коммуналдық қызмет шығынын өтеу үшін биыл бюджеттен 482,7 млн теңге қаражат бөлініп, 705 отбасыға немесе 2 мыңнан астам адамға 38,8 млн теңге шамасында тұрғын үй көмегі төленді. Жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша әлеуметтік қолдауды қажет ететін жекелеген санаттағы 8 633 адамға 877,3 млн теңгеге әлеуметтік көмек берілді. Бюджеттен тыс көздерден көмекке мұқтаж топтағы 5 242 адамға 140,7 млн теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетілді, — делінген хабарламада.
Облыс әкімінің гранты үшін 100 талапкерге 2025-2026 оқу жылына облыстық бюджеттен 104,1 млн теңге бөлінді. Олардың оқу ақысы және жүріп-тұруына, тамақ шығынына 72 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әлеуметтік көмек көрсетіледі. Мамандар биыл бөлінген білім гранттарының 70%-ға жуығы жұмысшы мамандықтарына бағытталғанын айтып отыр.
Бұған дейін 2025 жылдың бірінші тоқсанындағы жағдай бойынша Қызылорда облысындағы бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 354 856 теңге екенін хабарладық.