Қызылордада малды бақылаусыз жіберген 300-ден астам адам әкімшілік жазаға тартылды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Малды бақылаусыз жаю, төрт түліктің жолға шығуы кесірінен жыл басынан бері Қызылорда облысында 10 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Нәтижесінде 2 адам түрлі жарақат алды.

Қызылорда облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі қараусыз жайылып жүрген мал иелеріне қатысты әкімшілік жаза қолданып жатыр. Жыл басынан бері 313 мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
— Ірі қара асырап отырған адамдар оны бақылаусыз жібермеуі қажет. Олай болмаған жағдайда малды жайғаны, сондай-ақ арнайы белгіленген орындардан тыс автомобиль жолдары арқылы айдап өткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Жүргізушілер түн мезгілінде елді мекендердің жанында, тиісті белгілер орнатылған жерде ерекше қырағы болып, жылдамдық режимін сақтауы керек, — делінген облыстық полиция департаментінің хабарламасында.
Бұған дейін біз Instagram әлеуметтік желісінде Қызылорда қаласында жүріп келе жатқан көлікте ерсі қылық көрсетіп тренд түсіргендердің жауапкершілігі туралы жазғанбыз.