Қызылордада мәйіттік донор мәселесі кенже қалып тұр

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында осыған дейін 95 адамға бүйрек, 12 адамға бауыр трансплантациясы жасалған. Бұл туралы облыстық көпбейінді аурухана өкілдерінің Қызылорда жоғары медициналық колледжінің студенттерімен кездесуінде белгілі болды.

репродуктивті медицина
Фото: Александр Павский / Kazinform

Оның ішінде қайтыс болған адамның органы салынған жағдайлар саусақпен санарлық. Негізгі донор —науқастың бауырлары, туыстары не жақындары.

Жасұлан Баймаханов
Фото: Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасы

Аурухана директоры, PhD доктор, қауымдастырылған профессор, жоғары санатты трансплантолог Жасұлан Баймаханов сондықтан халыққа мәйіттік донордың маңызын кеңінен түсіндіру қажет деп есептейді.

- 2014 жылы Қызылордада жас жігітке туған қарындасы бір бүйрегін берді. А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының білікті мамандары келіп ота жасады. Өткен жылы Қызылорда қаласында 6 науқасқа туыстық донордан бүйрек трансплантациясы жасалды. 1 науқасқа бауыр салынды. Елімізде мәйіттік донорды дамыту маңызды. Себебі бір адамның мәйітінен алынған ағза бірнеше адамды өлімнен арашалап, өмір сүруіне мүмкіндік сыйлайды.

Қызылордалық Мақпал Оралова — туыстық донордан ота жасатқандардың бірі.

Мақпал Оралова
Фото: Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасы

- Бүйрегі, бауыры ауырып, гемодиализге қатынап жүрген жастар өте көп. Осы орайда замандастарымды энергетикалық сусындардан аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырамын. Адамдарға мәйіттік донор туралы көбірек оқып, біліп, қайтыс болғаннан кейін де жақсылық істеуге болатынын түсіндіру қажет. Себебі кезегін күтіп жүрген науқастар көп. Олардың бәрі мен сияқты трасплантация жасатып, жаңа өмір бастағанын қалаймын, - деді Мақпал Оралова.

Қызылорда облысы бойынша трансплантант үйлестіруші, жоғары санатты нефролог Лиза Нұрсұлтанова өңірде 361 адам гемодиализ тіркеуінде тұрғанын жеткізді. Науқастар ауруханаға келіп тексеріліп, емделіп тұрады.

Лиза Нұрсұлтанова
Фото: Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасы

 

- Барлығы иммуносупрессивті дәрілерді уақытылы ішіп, кешіктірмей ем қабылдайды. Бізде күтім кезегі деген бар. Ол ай сайын жаңартылып, қадағаланып тұрады. Бүйрек бойынша донорға мұқтаж 144 адам күту парағында тұр. Олар үшін донор табу, мәйіттен ағза алу — ең өзекті проблема, - деді маман.

Біз бұған дейін елімізде донорлық органдарды бір өңірден екінші өңірге қауіпсіз әрі жылдам жеткізуге мүмкіндік беретін аппарат әзірленіп жатқанын жазғанбыз.

 

 

Соңғы жаңалықтар