Қызылордалық «магнит адамдар» ерекше қасиеті туралы айтып берді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Бойына кісі таңғаларлық қасиет дарыған адамдар болады. Денесіне кез келген темір-терсек оңай жабыса кететін сондай жандармен Kazinform тілшісі тілдесті.

Қызылордалық «магнит адамдар» ерекше қасиеті туралы айтып берді
Фото: Нартай Тұрсановтың жеке мұрағатынан

Қызылорда қаласының тұрғыны Нартай Тұрсановты жұрт «магнит адам» атап кеткен. Ол кеудесімен 165 келілік темірді көтере алады. Кейіпкеріміздің негізгі мамандығы — зоотехник. Бірақ мамандығы бойынша жұмыс істеп көрмепті.

— Алыс жолға қатынайтын көлік айдадым. Ауыр жұмыс істеу арқылы энергиямды шығаратынмын. «КрАЗ», «Урал» сияқтылардың дөңгелегін бортқа жалғыз өзім лақтыратынмын, — деді ол.

Нартай Тұрсановтың бойындағы феномендік құбылыс бүгін ғана пайда болған жоқ. Тек өзі жастық жалынмен елей қоймаған әрі жарияға жар салуды жөн санамаған. 

— 13 жасымда бір аяғым істемей қалып, қатты ауырдым. Дәрігерлер диагнозын тапқан жоқ. Содан Шиеліде тұратын емшіге жүгініп, бетім бері қарады. Ол кісі бойымда ерекше қасиет барын айтып, жаман әдеттерден аулақ болуды ескертті. Бұған аса мән бермедім. Бірақ әр мүшелімде әйтеуір бір қиын жағдайға тап болатынмын. Ағаның сөзінің астарын кейін түсіндім. Жат әдеттерден бас тартып, психология мен медицина тәсілдерін үйренуге кірістім. Осылайша емшілік қырым барына көзім жетті, — деді ол.

Кейіпкеріміз бүгінде бұл қасиетін адам емдеуге қолданып келеді. Нартай Тұрсановтың алдына келіп, ауруынан жазылғандардың бірі — белгілі зілтемірші Нижат Рахимов. Емші оны көптеген ауыр атлетке ортақ протрузия дертінен айықтырған. Спортшы емшінің денесіне темір-терсек те, ағаш, шыны бұйымдар да жабысатынын көріп қатты таңданыпты.

Тағы бір кейіпкеріміз Нәзірхан Өтепбергенов Жаңақорған ауданының Қосүйеңкі тұрады. Өмір бойы темір-терсектің ортасында жүрсе де үстіне темір жабысатынын жеті-сегіз жыл бұрын ғана білген. Онда да кездейсоқ.

Қызылордалық «магнит адамдар» ерекше қасиеті туралы айтып берді
Фото: Нәзірхан Өтепбергенов жеке мұрағатынан

— Үй ішімізбен теледидар көріп отырғанбыз. Телехабарлардың бірінде кейіпкер денесіне қасық, шанышқы, үтік, тағы басқа бұйымдарды жапсырып жатыр екен. Оны көрген немерем таңғалды. Жүгіріп барып асүйден қасық, шанышқы әкеп тұр. Өзіне байқап көрген, жабысқан жоқ. Қоярда-қоймай мені көндірді. Қызық болғанда жалаңаш денеме магнитке жабысқандай тұра қалды. Өзім де аң-таңмын, — деді «магнит-адам».

Қызылордалық «магнит адамдар» ерекше қасиеті туралы айтып берді
Фото: Нәзірхан Өтепбергенов жеке мұрағатынан

Нәзірхан Өтепбергеновті «темір-терсектің ортасында жүрген» дейтініміз, жастайынан көлік тізгінінде. 

— Мәшіненің асай-мүсейі, тіпті үтікке дейін төсіме, көкірегім, жауырыныма тұра қалады. Ұжымдастарым ең ауыр кілттерді қаз-қатар тізіп қойып, қызық көріп, видеоға түсірді. Сенбегендерге соны көрсетем. Мұндай қасиет әзірге немерелерімнің біреуінен ғана байқалды, — деді кейіпкеріміз.

Жалаңаш денесіне темір-терсек жабысқанымен ол кісінің бойында Нартай Тұрсановқа тән емшілік қасиет жоқ екен.

Бұған дейін біз Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің 4-курс студенті Нұрсұлтан Икрамовтың ерекше хоббиі туралы жазғанбыз.Ол үш жылдан бері үйінде жылан асырайды.

Соңғы жаңалықтар