Қызылордалық полицей каратэден әлем чемпионы атанды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облыстық полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасақ инспекторы, полиция аға лейтенанты Кемелбек Қабланбек Египет астанасы Каирде каратэден ересектер арасында өткен Әлем чемпионатының жеңімпазы атанды.

Дүниежүзілік спорт додасына 50-ден астам мемлекеттен өкілдер қатысты. Қызылордалық тәртіп сақшысы Армения, Ресей, Египет спортшыларымен сынға түсті.

— Олардың ешқайсысы осал емес. Дегенмен, қазақ каратэшілері Азия аумағында көшбасшы десек, қателеспейміз. Халықаралық аренаға шығу ешкімге оңайға соқпаған, қарсыластар өте мықты, тыңғылықты дайындықпен келген. Жарыста Египет мемлекетінің әскери қызметкерлері де өнер көрсетті. Сонда да бабым мен бағым қатар шауып, чемпион атандым, — деді Кемелбек Қабланбек.
Кейіпкеріміздің жасы — небәрі 24-те, спорттың бұл түрімен 2009 жылдан бері айналысып келеді. Жасөспірімдер арасындағы ел чемпионы, Азия, Әлем чемпионаттарының жүлдегері болған.
— 2013 жылы Жапония астанасы Токиода өткен Әлем чемпионатына қатыстым. Бұл — халықаралық аренадағы екінші жарысым. Жарысқа үлкен дайындықпен бардым, жаттығу барысында түрлі жарақат алдым. Әкем де еріп барды, ол кісі қатысқан жарыстарымнан қалмайды. Онда жеті рет жекпе-жек өткізіп, жартылай финалда ресейлікті жеңіп, финалда жапон каратэшісіне есе жібердім, — деді Кемелбек Қабланбек.
Сол сында небәрі 12 жастағы жерлесіміз Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанып, жеңісті жолы басталды. Бұл жетістігін тіпті халықаралық баспасөз жарыса жазды. Ал одан бұрын, 2012 жылы Гонгконгтағы Азия чемпионатында екінші орын алған болатын.

Кейіпкеріміз — халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 9 дүркін ел чемпионы, 2 дүркін Азия чемпионы, 4 дүркін Әлем чемпионы. Бірнеше жыл каратэден ұлттық құрама қатарында болды. 2022 жылы ішкі істер органдарына жұмысқа орналасты. Кейіпкеріміздің ендігі арманы — екі жылда бір рет өтетін Дүниежүзілік полицейлер және өрт сөндірушілер ойындарына қатысып, жеңіс тұғырынан көріну.
Ал жуырда Марокко астанасы Рабатта каратэден Премьер-лига санатындағы жылдың қорытынды турнирі мәресіне жетті.