Клебанов пен Кан Екібастұз ЖЭО-сын қала билігіне өткізіп берді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Екібастұз ЖЭО акционерлері Александр Клебанов пен Сергей Кан жалпы құны 3,7 млрд теңге тұратын мүліктерді Екібастұз қаласы әкімдігінің балансына өткізді. Бұл — жылу стансасындағы мүліктерді қаланың коммуналдық меншігіне берудің екінші «траншы».

Түсініктірек болуы үшін айтып өтейік, Forbes тізіміндегі ең дәулетті адамдардың рейтингінен түспейтін қос бизнесмен иелігіндегі «ОАЭК» АҚ арқылы «Павлодарэнерго» АҚ компаниясының акцияларын иемденіп отыр.
Ал «Павлодарэнерго» компаниясы осы уақытқа дейін Екібастұз жылу-энергия орталығын басқарып келді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Екібастұз қаласының әкімдігі Екібастұз ЖЭО-сын «Самұрық-Энергоға» сенімгерлік басқаруға берді. Акционерлік қоғам стансаны «Energy Solution Center» ЖШС еншілес компаниясы арқылы басқарады.
Бизнестік топтың 2023 жылға шоғырландырылған есебінде айтылғандай, Александр Клебанов пен Сергей Кан Екібастұз қаласының әкімдігіне Екібастұз ЖЭО-сының жалпы құны 3,7 млрд теңге тұратын мүліктерін берген.
Бұл дегеніміз — өндірістік, әкімшілік ғимараттар мен құрылыстар, негізгі және қосалқы қазандық жабдықтары.
Forbes.kz хабарлағандай, мүлікті өткізу іс-шаралары 2024 жылдың мамыр айында жүргізілген, бірақ есеп жарияланған уақытта (2024 жылдың 26 маусымы күні) «Павлодарэнерго» АҚ мен оның еншілес компаниясы Екібастұзда жылу қуатын өндірумен және сатумен әлі де болсын шұғылданып отырғаны айтылады.
«Бұл — мүлікті әкімдік балансына берудің екінші „траншы“. Бұған дейін 2023 жылдың ақпан айында компания құны 1,8 млрд теңге тұратын жылу желілерін, негізгі және қосалқы қазандық жабдықтарын әкімдікке өткізген. Сол уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бизнестік топ пен Екібастұз қаласының билігі „Екібастұз ЖЭО-сының жұмысын қалпына келтіру бойынша іс-әрекеттер жоспарын“ әзірлеген еді», — делінген материалда.
«Павлодарэнерго» АҚ баспасөз қызметі қазіргі уақытта Екібастұз ЖЭО толығымен «Самұрық-Энергоға» сенімгерлік басқаруға берілгенін нақтылады, яғни «Energy Solution Center» ЖШС кәсіпорынды толығымен бақылауға алған.
«Қазіргі уақытта Екібастұздағы жылу-энергия орталығына қатысты ақпарат беру біздің құзырымызға жатпайды, себебі ол енді 100% Самұрық-Энергоның басқаруында. Ал Екібастұз қаласы әкімдігінің балансындағы жылу желілері — Павлодарэнерго компаниясының сенімгерлік басқаруында. Біз қаланы жылумен қамту процесіне осы желілер арқылы ғана қатыса аламыз», — деп мәлімдеді компаниядан.
Еске сала кетейік, 2022 жылдың 27 қараша түні сақылдаған сары аязда Екібастұз ЖЭО-сында болған апаттан қаланың басым бөлігі жылусыз қалды.
Сол уақытта Александр Клебанов ЖЭО активтерін 2008 жылы жеке компаниядан сатып алғанын айтқан еді.
«Біз жылу желілерінің тозу мәселесін бұған дейін де бірнеше рет көтердік. Алайда жеке компания ретінде тұтынушылар үшін белгіленген тарифтік бағаны көтере алмаймыз. Сол себепті де кәсіпорынның шығыны әуел бастан көп. Кәсіпорынның кірісі тіпті стансаны қамтамасыз етуге де жетпеді. Біз ЖЭО-ны мемлекет меншігіне беруге дайын екен¬дігіміз туралы ақпарат таралып жатыр. Бұған дейін де бірнеше жыл қатарынан ЖЭО-ны қала қарамағына беруге ұсыныс білдірдік. Осыны ескеру маңызды. Ал енді барлық жағдайды ескере отырып, қазіргі жайтты орнына келтіруге және „Екібастұз жылу-энергия“ капиталына мемлекеттің де қатысу мүмкіндігін қарастыруға дайынбыз», — дей келе стансаны жергілікті билікке 1 теңгеге сатуға дайын екенін мәлімдеген.
Қазіргі уақытта «Павлодарэнерго» АҚ-ның меншік иесі «ОАЭК» АҚ-ның негізгі акционерлері — Сергей Кан мен Александр Клебанов.
Олардың әрқайсысының еншісіндегі акция үлесі — 47,1%. Бұған қоса екеуінің «Орталық Азия отын-энергетикалық компаниясында» 50%-дан үлесі бар.
Александр Клебанов еліміздегі ең бай адамдардың тізімінде 12-ші, ең ықпалды бизнесмендер арасында 50-ші орында тұр.
Forbes Kazakhstan оның дәулетін шамамен 815 млн АҚШ доллары деп бағалайды.
Ал Сергей Кан алғашқы аталған тізімде 31-ші орында тұр. Оның дәулеті шамамен — 292 млн АҚШ доллары. Кәсіпкер «Circle Maritime Invest» АҚ кеме қатынасы компаниясының 50% акциясына да иелік етеді.
Екібастұз ЖЭО-сының қала әкімдігі балансына өтуі туралы мәселеге қатысты әкімдіктен түсінік беруді сұрадық. Әзірге жауап болмады.