Қобда ауданында су тасқынынан зардап шеккендерге арналған үйлердің кейбірінің шатыры жабылып жатыр

құрылыс
Фото: Алтынай Сағындықова

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысы Қобда ауданында 151 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Мамыр айының басында басталған кейбір құрылыс осы айда аяқталады. Үй иелері жеребе арқылы анықталады.

құрылыс
Фото: Алтынай Сағындықова

Ақтөбе облысы Қобда ауданында құрылыс жұмысы ерте басталды. Аудан бойынша 151 үй салынып жатыр. Оның көбі Қобда ауылында болса, 17-і Жарық ауылында. Қобда ауданы орталығында су, газ, жарығы бар жер телімінде бірнеше құрылыс компаниясының жұмысы қызу.

- Құрылыс жұмысы 2 айда аяқталады деп келісілді. Бірақ құрылыс сапасы үшін оларды асықтырмаймыз. Облыс бойынша құрылыс алдымен осы Қобдада басталды. Құрылысты жүргізіп жатқан 15 компанияның әрқайсысының жылдамдығы әрқалай. Кейбірі қабырғасын қаласа, кейбірі ішкі әрлеу жұмысына көшті. Шатырын жауып жатқан компаниялар да бар. Барлық үйлерді техникалық, авторлық бақылаушылар бақылап жүр. Сонымен бірге құрылыс алаңына 5 бейнебақылау камерасы қондырылған,- деді Қобда ауданының әкімі Ізгілік Тынымгереев.

құрылыс
Фото: Алтынай Сағындықова

Қобда ауданының тұрғындары әзірге туған-туыстарының үйінде, кейбірі пәтер жалдап отыр. Тағы бір тобы ауласындағы жазғы үйлеріне қоныстанған. Эвакуациялық бекетте ешкім жоқ. Ал жаңадан салынып жатқан үйлердің қайсысына кімнің қоныстанатыны әзірге белгісіз.

- Үй иесі жеребе арқылы таңдалады. Осы шешім әділ болмақ. Былтыр да осы әдіспен таңдалды. Бізде мүгедектігі бар адам тұратын бір отбасы бар. Олар уақытша баспанамен қамтылған. Ол отбасына түскен үйді құрылыс компаниясымен келісіп, ыңғайлы етіп береміз,- деді Ізгілік Тынымгереев.

құрылыс
Фото: Алтынай Сағындықова

Мұндағы құрылыс компанияларының жүктемесі әртүрлі. Бірі 6 үй салса, енді бірі 8 үйдің құрылысын өз міндетіне алған. Кейбір кішігірім жұмысқа жергілікті тұрғындар тартылды. Олар білгілі бір жұмысты атқарып, сол үшін еңбекақы алады.

- Біздің құрылыс компания қазір үйдің шатырын жабу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Іргетасы құйылып, қабырғасы қаланып тұр. Осы аптада терезесі салынады, ішкі бөлмелері бөлінеді. Ал келесі аптада ішкі әрлеу жұмысы басталады. Сонымен бірге кәріз жүйесіне арналған шұңқыр қазылады. Бұл жердегі құрылыс мамыр айының басында басталды. Құрылыс заңдылығы бойынша іргетасын құюға арналған жер қазылады. Оны нығыздап, қиыршық тас төселеді. Содан кейін тор салып, цемент құйылады. Содан әрқайсысы 60 см болатын екі блок қойылды. Бұл үйдің негізі, іргетасы. Мұнда кейде ауыл адамдары келіп, үйдің бөлінісін қарайды,- деді «АСМ 2012» ЖШС-нің прорабы Еркін Дүйсеев.

құрылыс
Фото: Алтынай Сағындықова

Үй салу жұмыстарына бірнеше бригада тартылады. Бірі іргетасын құйып кетсе, енді бірі қабырғасын қалайды. Төбесін жататын бригада да бөлек.

- Біздің компания 8 үй салып жатыр. Жұмыс мамыр айында басталды. Бұл үйлерді 3 бригада салып жатыр. Жұмыс 8:00-ден 20:00-ге дейін жалғасады. Түсте бір сағаттан үзіліс бар. Бәрі де белгілі бір жұмыс көлемін өз міндетіне алған соң уақытпен санаспай жүре береді. Жұмысшылардың көбі ауылдан емес, сондықтан құрылыс басында қонады. Үйдің бәрі бірдей. Төрт бөлмелі. Бір зал, үш жатын бөлме мен ас бөлмесі бар. Жуынатын бөлме, әжетханасы да қарастырылған,- деді «Строй бильд» ЖШС өкілі Мұрат Махметов.

құрылыс
Фото: Алтынай Сағындықова

Айта кетейік, Қобда ауданындағы апатты үйлердің иелері ескі баспанасының құрылыс материалын қажетіне жарата алады. Ал жерін мемлекетке қайтарады. Бұл аумаққа үй салынбайды деп келісілген.

тұрғын үй құрылысы
Фото: Алтынай Сағындықова
Соңғы жаңалықтар