Көл маңында орналасқан жазғы лагерьлерде арнайы шомылатын орын жоқ

летний отдых
Фото: ДСМ

АСТАНА. KAZINFORM — Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов су айдыны маңында орналасқан лагерлерде арнайы шомылу орны жабдықталмағанын сынға алды.

«Министрлік балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөледі. Шомылу маусымы басталарда және оның бүкіл кезеңінде құтқарушылар балаларға жүзу, құтқару және алғашқы көмек көрсету дағдыларын үйретеді», — деді ТЖ министрі Үкімет отырысында.

Дегенмен, бала өлімінің басты себебі — ересектердің балаларды қараусыз қалдыруы.

Осыған байланысты балалар лагерлерінің тәрбиешілерімен және ата-аналармен нұсқаулық та өткізіледі. 

«Қазіргі уақытта елімізде су айдындарының жанында орналасқан 30-дан астам балалар лагері жұмыс істеп тұр. Оның тек 19-ында ғана балаларға арнап жабдықталған шомылу орындары бар. Оқу-ағарту министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, лагерьлердегі балалардың қауіпсіздігіне арналған шараларды шұғыл қабылдауы қажет», — деп толықтырды Ш. Әрінов.

Айта кетейік, жыл басынан бері 45 адам, ал 1 маусымнан бері 27 адам суға батып кетті. 

Министр жағажайды кісі өлімі тіркелгенде ғана тексере алатынын айтып, тексеру жұмыстарын күшейтуді ұсынды. 
 

Соңғы жаңалықтар