Қолына диплом алған жастар қаланы таңдады ма, ауылды ма

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Қазір жоғары, арнаулы оқу орындарын бітірген түлектер қолына диплом алып, жұмыс іздеуге көшті. Бірі қалада қалса, енді бірі еңбек жолын ауылдан бастағанды жөн көреді. Kazinform тілшісі жас мамандардың қалай таңдау жасағанын сұрады.

молодежь Семея на экоакции
Фото: Абай облысы әкімдігі

Қаладан ауылға 

Қазір қаладан ауылға баратындар жетерлік. Оларға бір жолғы көтерме ақы беріледі. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында баспана да сатып алуға болады.

Сонымен бірге ауыл тұрғындары қажетті маман келсе көмектесіп, отбасына мал беруді әдетке айналдырған. 

— Қазір ауылдарда да газ, су бар. Интернет байланысы жақсы. Мәселен Шетырғыз ауылдық округіне қарасты Қаратоғай ауылында медициналық пункт, мектеп бар. Демек ауылда еңбек етуге барлық жағдай жасалған. Бізде ауылға жастар келіп, еңбек етіп жүр. Отбасын құрып, балалы болды. Жалпы ауылға мұғалім, мал дәрігері, фельдшер келді. Жас отбасылар да бар. Тұмалыкөлге келген отбасына әрбір үй бір малдан беріп, көмек көрсетті. Олар қазір «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында мал алып, шаруашылықты дамытып отыр. Бұл жақсы үрдіс. «Жұмыс істеймін, мамандығым бойынша еңбек етемін» деген ниет болса болғаны. Ауылымның жастарының осы қасиеті қуантады. Жастармен кездесемін, пікір, ойын біліп отырамын, — деді Шалқар ауданы Шетырғыз ауылдық округінің әкімі Жанна Әбденова. 

Ауылға барған Ернұр Сайлауов қазір Қаратоғай медицина пунктінің фельдшері болып жұмыс істейді.

с
Фото: Ернұр Сайлауовтың жеке архивінен

Ол медициналық колледжде үш жыл білім алған соң жастар тәжірибесімен аудандық емханаға жұмысқа орналасты. Әрі қарай туған жеріне, ауылына кетті. 

— Негізі Ақтөбе қаласына жұмысқа кетем деген ой болды. Бірақ ауылда жұмыс орны болған туған жерге бардым. Өзім ата-анамның жанында болғым келді. Бірақ міндеттемеді, мәжбүрлемеді. «Өзің таңдау жаса, араласпаймыз. Бірақ келгенің жақсы» деп айтты. Ауылға барған соң бір реттік көтерме ақы алдым. Қазір ата-анаммен бірге тұрамын. Ал «Дипломмен ауылға» бағдарламасына құжат жинауға уақытым болмады. Қазіргі жұмысым өзіме ұнайды. Жедел жәрдем көлігі бар, медициналық пункт бар. Өзге не керек? Замандастарым жас болған соң қалада тұрғысы келетіні рас, — деді Ернұр Сайлауов. 

Ол қазір 400-ден астам адамға қызмет көрсетеді. Медициналық пунктте өзі және мейірбике бар. Бұл шағын ауылдық округ үшін жеткілікті. 

Ал Аманжол Құлтаев Орал қаласындағы колледжді бітіріп, «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен ауылға барды.

Жұмысқа орналасқан соң бірден Ақтөбедегі университетте қашықтан оқыды. Ал 2020 жылы ауылдан үй алып, отбасын құрды, балалы болды. 

а
Фото: Аманжол Құлтаевтың жеке архивінен

— Шалқар қаласында тұрдым. Оқу бітірген соң бағдарлама туралы біліп, ауылға келдім. Мектепте математика пәнінің мұғалімімін. Мен үшін қаладан гөрі ауыл жақсы болды. Өзім кішкентай кезімнен ауылға барып жүрдім, ұнады. Арманым — ауылды көтеру. Оқушыларды олимпиадаға дайындап, алғыр оқушы тәрбиелегім келеді. Сонымен бірге мал шаруашылығын дамытқым келеді. Бұл қосымша табыс болар еді. Жаспын, бәріне үлгеремін, біраз шаруаны игере аламын. Тек бізге ыңғайлы бағдарлама болса дейміз, — деді Аманжол Құлтаев.

Мұғалім бос уақытында балаларға қосымша сабақ береді, шәкірттерін олимпиадаға тегін дайындайды.

Ауылға маман жетіспейді

Қаладан ауылға бару — әркімнің өз таңдауы. Жастар көбіне орталықты таңдайды. Салдарынан ауылды сақтап тұрған мектепке мұғалім жетіспейді, емдеу орнына дәрігер керек.

Мұғалімнің бәрі емес, әсіресе жаратылыстану бағыты ақсап тұр. 

— 2020 -2024 жылдары аралығында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 465 педагог ауылға барды. Былтыр ауылдық жерге жұмысқа орналасқан 47 маманның үй алуы үшін 365 миллион 384 мың теңге берілді. Сонымен қатар 202 маман 74 миллион 137 мың теңге көлемінде біржолғы жәрдемақы алды. Жалпы шалғай ауылдарда шағын жинақталған мектептер көп. Облыста 201 шағын жинақталған мектеп бар. Мамандардың жетіспеушілігі осы елді мекендерде көп байқалады. Қажеттілік көп байқалып отырған мамандықтар — орыс кластарына биология, химия, физика, математика, информатика пәндері мұғалімі, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі. 

Студенты медики врачи студенттер медиктер дәрігер
Фото: Адлет Беремкулов/ Kazinform

Дәл осындай жағдай медцина саласында да кездеседі. Маусым айында Ақтөбеде 160-тан астам бос орын болды. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл проблеманы аудан әкімдіктерімен бірге шешеді.

Ауданға барса 3 млн теңге біржолғы көмек те беріледі. Әсіресе невролог, анестезиолог-реаниматолог, неонатолог мамандар барса қосымша тағы 5 млн теңге қарастырылады. 

— Ауылдық жерлерде әлеуметтік-экономикалық дамуды ынталандыру, қажетті мамандармен қамтамасыз ету және еңбек ресурстарының тапшылығын жою мақсатында «Дипломмен ауылға» жобасы жүзеге асырылып жатыр. 2024 жылы бағдарлама аясында тұрғын үй сатып алу (салу) үшін 120 маманға 950,7 млн теңге берілді. Тарқатып айтар болсақ, денсаулық сақтау саласына — 18, білім беруге — 72, мәдениетке — 9 маман, спортқа — 11, агроөнеркәсіптік кешеніне 9 маман барды. Тағы біреуі — мемлекеттік қызметші, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық жастар саясаты басқармасы. 

Жастарды қаладан ауылға қандай күш апара алады? Тұрғындар жауабы әртүрлі. Бірі жұмыс жайын айтса, енді бірі баспананы сөз етті. Тағы бірі инфрақұрылымның жеткіліксіздігін айтты.

Жастың көбі қалада

Ақтөбе облысында қазір 267 724 жас тұрады. Бұл тұрғындар санының 28,2%. Оның ішінде 165 048-і қалада, 102 676-сы ауылда. Ақтөбе облыстық жастар саясаты басқармасы, аудандарда жастар ресурстық орталықтары жұмыс істейді.

Сонымен бірге аудан әкімі жанынан жастар кеңесі жасақталған. Осы топ жастардың ұсынысын тыңдайды, оларды іске асыру жолын іздейді. 

— Жастар кеңесінде берілген ұсыныстарға сәйкес «Ақтөбе жастары» тұрғын үй бағдарламасы қабылданды, «Jumystap» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Соңғы жастар кеңесінің отырысы нәтижесінде «Жасыл ел» еңбек жасағына қосымша қаржы бөлінді. Сөйтіп биыл жастарды жұмыспен қамту екі есе артты. Жалпы өңір жастарының басым бөлігін тұрғын үй мәселесі толғандыратыны белгілі. Қазіргі таңда Ақтөбе облысының 35 жасқа дейінгі тұрғындары Отбасы банкінен 48 954 жинақ шотын ашқан. 2021- 2025 жылдары 35 жасқа дейінгі азаматтарға 6 086 тұрғын үй несиесі берілген. Ал «Aqtobe Jastary» тұрғын үй бағдарламасы аясында 109 жас отбасы баспаналы болды. 2024 жылы урбанизация деңгейін төмендету және ауылдық жерлердегі еңбек ресурстарын сақтап қалу мақсатында үміткерлерді іріктеу кезінде ауылдық өңірлерге басымдық берілді, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық жастар саясаты басқармасы. 

Жастарды жұмыспен қамту
Фото: Астана әкімдігі

Айтып өтейік, биыл «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 2,8 мыңнан аса маманға 25 млрд теңге бюджеттік кредит беріледі. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков айтты

2020 жылдан бері «Дипломмен ауылға» жобасы аясында жеңілдікті кредиттеуді пайдаланған мамандар санының қысқаруы бойынша теріс үрдіс байқалды.

2020 жылмен салыстырғанда 2023 жылы олардың саны 30 пайызға кеміген. Мұндай деректі Экономикалық зерттеулер институты ұсынып отыр.

«Дипломмен ауылға» жобасы аясында бюджеттік кредит алған мамандар саны төмендеуінің келесі себебі — ауданның көптеген елді мекендерде сатуға арналған тұрғын үйдің болмауы.

Оның ішінде 70-жылдары салынған абаттандырылмаған тұрғын үй «Дипломмен ауылға» жобасының критерийлеріне сәйкес келмейді, мамандардың да көңілінен шықпайды

Соңғы жаңалықтар