Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы салынып жатыр
Келесі жылы Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы пайдалануға беріледі. Бұл туралы өңір әкімі Нұрлыбек Нәлібаев елордада есептік кездесуінде айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Қорқыт ата атындағы әуежай — Қазақстандағы көне нысандардың бірі. Әуежайда жаңа терминал салынып жатыр. Құрылыс біткеннен кейін нысан халықаралық рейстерді қабылдай ала ма?» — деп сұрақ қойды тілшілер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
«Шынымен де біздің терминалымыз ескі. Бірақ өткен жылы мен осы қызметке келгенде демеушілердің көмегімен 100 млн теңгеге қазіргі ескі терминалды жөндедік. Қазір жағдай жақсы, келген қонақтарды қабылдап жатырмыз. Биыл ақпанда жаңа терминалдың құрылысы басталды. Келісімен жерлесеміз Болат Өтемұратовқа хабарластық. Мемлекет басшысы да тапсырма бергенін білесіздер, азаматтар туған өңіріне көмектесуі керек. Болат Өтемұратовтың қоры жоба жасап, ақпанда жаңа терминалдың құрылысын бастадық. Құны — 15 млрд 700 млн теңге», — деп жауап берді Нұрлыбек Нәлібаев.
Әкімнің айтуынша, жаңа терминал құрылысы алдағы мамыр айында аяқталып, ел игілігіне беріледі деп жоспарланып отыр.
«Кеше бізге көлік министрі Марат Қарабаев арнайы іссапармен келді және жаңа терминалдың құрылысымен танысты. Сол кезде әуе рейстерін көбейту туралы ұсынысымызды айттық. Өкінішке қарай, қазір тек Астана мен Алматы қаласына ғана рейстер ашылған. Күніне 3-4 рейс қатынап жатыр. Біз соны көбейту мәселесін көтердік. Өйткені әуе рейстеріне сұраныс өте көп. Сондай-ақ басқа өңірлер, басқа көрші мемлекеттермен жұмыс істеп, жаңа рейс ашу жөнінде ұсынысымызды айттық. Министр бізді қолдады. Бұл терминалдың ерекшелігі — мемлекеттік меншікте. Өйткені кей адамдар терминалды Болат Өтемұратовтың қоры салып жатқандықтан ол жекеменшікте болады деп ойлап қалуы мүмкін. Қазір де, алдағы уақытта да бұл нысан мемлекеттік меншікте болады. Ол тек демеушілікпен бізге нысанды салып жатыр», — деп түсіндірді облыс басшысы.
Бұған дейін Нұрлыбек Нәлібаев «Қызылорда-Жезқазған» автожолының жөнделіп жатқанын айтқан еді. Осы жолды жаңғырту аяқталса, Астанаға жету уақыты 11 сағатқа дейін қысқарады.