Қостанайдағы өрт: Зардап шеккендерге қандай көмек көрсетіліп жатыр
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қостанайдағы өрт салдарынан үйінен айырылған және уақытша эвакуацияланған тұрғындарға еліміздің әр аймағынан гумантарлық көмек жиналуда. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлер мен компаниялар ақша аударып, бірнеше мемлекеттік орган қызметкерлері бір күндік еңбекақысын бағыттау шешімін қабылдады.
Осы орайда, ҚазАқпарат тілшісі қиын сәтте қостанайлықтарға қол үшін созған кәсіпорындар мен ұйымдар туралы шолу ұсынады.
Алғашқылардың бірі болып көмек көрсетуге ниет білдірген – «Halyk Bank».
Екінші деңгейлі банк Қостанай облысындағы өрттен үйлері жанып кеткен отбасыларға 1 млн теңгеден береді және несиелерін жабатынын мәлімдеді.
«Қостанай облысында үйлері өртеніп кеткен әр отбасына 1 млн теңге көлемінде қаржылай көмек жіберіледі. Үйінен айрылған адамдар күш жинап, алған қаражатын ең қажетіне – тұрғын үйді жалдауға, киім-кешек, тамақ және қажетті тауарлар сатып алуға жұмсайды.
Сонымен қатар, банк басшылығы үй жанып кеткен барлық тұрғындарға кредиттерін жабу туралы шешім қабылдады», - делінген аталған банк таратқан хабарламада.
Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры алапат өрттен зардап шеккендерге көмек көрсетеді.
«Апат салдары жойылып, залал көлемі анықталғаннан кейін «Қазақстан халқына» қоры жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып өңір тұрғындарына қайырымдылық көмек көрсету тетігін пысықтайды. Қор болған жағдайды қадағалап, зардап шеккендерге қолдау мақсатында барлық қажетті шараны қабылдайды», - деп мәлім етті қоғамдық қордың баспасөз қызметі.
Парламент Сенатының депутаттары да қолдау шараларынан шет қалмады. Депутаттар көмек ретінде бір күндік жалақыларын аударатын болды.
«Қостанай облысынан сайланған сенаторлар жедел штабтың жұмысына атсалысып жатыр. Сондай-ақ, Сенат депутаттары зардап шеккендерге көмек ретінде бір күндік жалақыларын аударады. Осындай жағдайда бірлігімізді танытып, жұдырықтай жұмылу аса маңызды. Зардап шеккендердің сауығып кетулерін және жағдайдың тезірек тұрақталуын тілейміз», - деп жазды ҚР Парламенті Сенатының спикері Мәулен Әшімбаев әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сондай-ақ, «AMANAT» партиясының гуманитарлық көмек қабылдау пунктілері ашылып, керек-жарақтарды жинау жұмысын бастады.
Пунктілер бірінші кезекте қажетті тауарлар, азық-түлік, жылы киім және тазалық құралдарын қабылдайды. Қазіргі таңда «AMANAT» партиясының мүшелері 312 тонна гуманитарлық көмек жинады.
«Қостанай облысында болып жатқан табиғи апат баршамызды алаңдатып отыр. Жағдай Мемлекет басшысының жеке бақылауында. Бүгін партия мүшелері мен «Жастар Рухы» қатарынан волонтерлер жасақталып, апаттан зардап шеккен тұрғындарға барынша көмек көрсететін болады. Бұдан бөлек «AMANAT» партиясының өңірлердегі филиалдарында гуманитарлық көмек қабылдау пункттері ашылады», - деп жазды «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов өзінің Facebook-тегі ресми парақшасында.
Қазақстан халқы Ассамблеясы да тілсіз жаудың зардабын тартқан қостанайлықтарға гуманитарлық көмек жинай бастады.
«Қостанай облысы Әулиекөл ауданында болған табиғи өрт апатына байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясы өрт салдарынан зардап шеккен халыққа көмек көрсету акциясын ұйымдастыра бастағаны туралы хабарлайды. 4 қыркүйек күні Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және барлық облыстардың Достық үйлеріндегі волонтерлік орталықтардың базасында қаражат пен қажетті заттарды жинау үшін жедел штабтар құрылды», - деп жазады ұйымның ресми сайты.
Ал «Qazaq Oil» жанармай құю станциясы ұлттық желісі өрт сөндіруге арналған техникалар мен барлық коммуналдық қызметтерге дизельдік отынды тегін бермек.
«Qazaq Oil ЖҚС ұлттық желісінің ұжымы апат салдарын жоюға моральдық қолдау көрсетумен қатар, 50 млн теңге көлеміндегі материалдық көмек бөлді. Сондай-ақ өрт сөндіруге қатысатын арнайы техникалар мен барлық коммуналдық қызметтерге дизельдік отын тегін беріледі», - деп жазылған компанияның Іnstagram парақшасындағы хабарламада.
Бұдан өзге, «Kostanay Music Fest» музыка фестивалін ұйымдастырушылар өрттен зардап шеккендерге 50 млн теңге аударады.
«Біз бұл концертке 3 ай бойы дайындалдық және әуел баста одан түскен ақшаны толығымен қайырымдылыққа бағыттаймыз деп жоспарлағанбыз. Сондықтан, өрттен зардап шеккендерге фестивальден түскен барлық қаражатты аударамыз, яғни 50 миллион теңге осы табиғи апаттан қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек ретінде беріледі», - деп жазды фестиваль ұйымдастырушысы Алмас Жәли өзінің Instagram парақшасында.
Аталған жәрдем шараларымен қатар, еліміздің әр аймағынан гуманитарлық көмек жинау пунктілері ашылды. Атап айтсақ, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстары мен Алматы қаласындағы пунктілер қаражат, азық-түлік, киім-кешек жинау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Еске салайық, Қостанай өңірінде өрттен зардап шеккен тұрғындарға көмек беруге арналған бірыңғай қоғамдық қор құрылды.
Қазақстандықтар жаппай көмек көрсете алуы үшін құрылған қор мәліметтері мынадай:
«Қайырымдылық KZ» ҚҚ
БИН 220640046689
ИИК KZ82601 A22100 1568 401
«Қазақстанның халық банкі» АҚ БИК HSBKKZKX
Кбе 18
Зардап шеккендерге көмек беруді желеу етіп, қаражат жинауда алаяқтық әрекеттерді болдырмау үшін жергілікті әкімдік осы көрсетілген реквизиттерге ғана аударымдар жасауды сұрайды.