Қоянжырық болып туған шақалаққа 12 сағаттан соң ота жасауға болады – бет-жақ хирургі

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысындағы балалар ауруханасынан бет-жақ хирургиясы бөлімін ашып, онда мыңдаған сәбиге ота жасаған Бақыт Жаналина бала өмірге келген күні-ақ, яғни, 12 сағаттан соң ота жасауға дайындалып жатыр. Тек аурухана бұл ота үшін лицензия алуы тиіс. Бет-жақ хирургиясының дәрігері, М.Оспанов атындағы БҚМУ хирургиялық және балалар стоматологиясы кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Бақыт Жаналина Kazinform тілшісіне туа бітті қоянжырық және таңдай жырығы бар балалардың емі мен күтімі, ата-ананың дайындығы туралы айтып берді.

бала
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Балалар арасында кездесетін ауру түрінің бірі – қоянжырық және жырық таңдай. Қазір техника мен технология дамыған заман, диагностика жақсы жүргізіледі. Осы дертті бала жатырда жатқан кезде анықтау мүмкін бе?

- Жүкті әйелдерге УЗД жасаған кезде ұрықтағы аурулар, соның ішінде бет-жақ өзгерістері де анықталады. Біз баланың бет-әлпетін 16-20 аптада қарап, диагноз қоя аламыз. Негізі ұрықтың жатырда қалай жатқанына байланысты көбі. Кейде ұрық бетін көрсетпей, жасырын ұстайды. Ескерте кететін жайт – бет-жақ пен ми бірге жетіледі. Жүрек те сол уақытта дамиды. Сондықтан да қоянжырық немесе таңдай жырығы бар балалардың 80%-да өзге қосалқы ауру болуы мүмкін. Қоянжырық кезінде жүрегі, миы, ішкі құрылысы ауыруы ықтимал. Сондықтан да баланы отаға алдын ала дайындаймыз. Тағы бір айта кететін жайт, бұл балалар иммун тапшылығымен өмірге келеді. Иммунитеті әлсіз болған соң түрлі жұқпалы дертті жұқтырып алу көрсеткіші жоғары. Мұның бәрі ескеріледі. Бір диагноз болғанымен бірнеше маман жауапкершілігіне алады.

- Бұл бірлесе атқаратын жұмыс па?

- Бала қоянжырық болып туғанда жет-жақ хирургін, ортодонт, неонатологты шақыртады. Үшеуміз қараймыз. Егер таңдайы болмаса, ортодонт бірден пластина жасайды. Арнайы гипспен пішінін алып, тіс технигі протез дайындап береді. Сол кезде бала еме алады. Егер пластина жасалмаса, сүт мұрынға кетеді. Мұрыннан тыныс алу жолдарына түсіп, пневмонияға шалдығуы мүмкін. Ол өте ауыр дерт. Балалардың аман қалуы екіталай. Ортодонт жұмысы біз ізге түскен соң аспирациялық пневмония азайды. Содан кейін екі ай күтіп, жақ-бет хирургиясына келеді. Біз анализ алып, отаға дайындаймыз. Егер бала жүрек ауруымен туса, ота жасай алмаймыз. Бала наркозды көтере алмайды. Сондықтан алдымен жүрегіне операция жасалады. Жоғары ерінге ота жасаған кезде анестезиологиялық тәуекел жоғары, ал хирургиялық тәуекел төмен. Мұнда ұсақ қан тамырлары ғана бар. Қан кету тек 50 мл болады. Егер біз алдын ала дұрыс тексермесек, баланы жоғалтып аламыз. Қоянжырық, таңдай жырығы болып туған балаға жылына 5 пластина жасалады, бәрі тегін. Бізде 2011 жылы Ортодонт орталығы ашылды. Өйткені жақ-бет хирургі мен ортодонт бірге жұмыс істейді. 

бала
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Көпшілікті «Бұл ауру қайдан пайда болады?» деген сұрақ алаңдататыны анық. Туа бітті дерттің алдын алу мүмкін бе?

- Егер анасында қандай да бір дәрумен, минерал жетіспесе, бала да дұрыс жетілмейді. Коронавирус инфекциясымен ауырған адамдарда қазір D дәрумені аз болып тұр. Фолий қышқылы, темір де аздық етіп жатады. Осы витаминдер тұрақты және өз мөлшерінде болуы керек. Егер мөлшерінде болмаса, бала түрлі дертке шалдығады. Негізі 3 аптадан 12 аптаға дейін ұрықтың бет-жақ әлпеті түзіледі. Сол кезде анасы қандай да вирус жұқтырса, осындай дертке шалдығуы мүмкін. Сонымен бірге Ақтөбе – өндірісті аймақ. Өндіріс бар жерде экология бұзылады. Экология бұзылса, су дұрыс болмайды, тамақ құнарсыз. Аналарымыз дұрыс тамақтанбаса, режимін сақтамаса бала денсаулығында ақау пайда болуы мүмкін. Анасының ағзасында осындай микроэлементтер, дәрумендер аз болса, сүйек, тістері, тістердің ұрығы дамымайды. Қазір D дәруменіне деген көзқарасты өзгерту керек. Өйткені ең маңыздысы сол. Ақтөбе облыстық балалар ауруханасының жанында Ақтөбе перинаталдық орталығы орналасқан. УЗД кезінде баладан қоянжырық анықталса, гинеколог маманмен ақылдаса отырып жұмыс істейміз. Енді 12 сағаттан кейін шақалаққа ота жасауды жоспарлап жатырмыз. Қазір дайындық жүріп жатыр. Лицензия алсақ мамандарымыз оған дайын. 

бала
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Бізде жылына қанша бала қоянжырық болып туады?

- Жылына 800 баланың бірінен анықталады. Олардың 30 пайызында туа бітті жүрек ауруы болады. Арада 5-7 ай өткенде жүректегі саңылау жабылуы мүмкін. Егер бітелмесе, алдымен кардиохирургтар, кейін біз ота жасаймыз.

- Қоянжырық болып туған балалар қалыпты өмір сүре ала ма?

- Бұл балалардың 90 пайызы қалыпты өмір сүріп, өз қатарымен бірге мектепке барады. Тек 10 пайызы ғана арнайы мектепте білім алуы мүмкін. Балаларда ерекше дарын болады. Олар сурет салады, өлең айтады, есепке жүйрік болып келеді. Анасы баланы өмірге әкелген кезде «қашан ота жасаймыз, қашан қалыпты өмірге келеді» деп сұрайды. Ойында тек сол болады. Ата-ана оларға ғана емес, бізге де сын сағат екенін ұғынса дейміз. Мен оларды жарты жолда тастамаймын. Телефон нөмірімді де беремін. Сол кезде ғана сабырға келіп, тынышталады. Ана мұндайда жалғыз қалдым деп ойлайды. Кейбірі түсік жасатуды ойлайды. Бірақ кез келгені бұл қадамға бармайды. Маңыздысы балаға көп уақыт бөліп, бар назарын аударуы керек. Айналасы да маңызды. Кейде әкесі тастап кетеді. Баладағы қоянжырық тек анаға ғана емес, әкеге де байланысты. Мәселен, улы бояудың ортасында жүргендерде, суретшілерде кездесуі мүмкін бұл ауру. Қалған 5 пайызы тұқым қуалайды. Бір емес, көп фактор әсер етеді. Химиялық, физикалық, биологиялық фактор мен күйзелістен осындай бала туу мүмкін. Стресс кезінде қан айналымы нашарлап, сол жерде ауру түзіледі. Мұны жоққа шығара алмаймыз.

- Балаға қалай дұрыс күтім жасауға болады?

- Қоянжырық болып туған баланың сөйлеуі бұзылады. Дыбыстарды дұрыс айта алмайды. Сондықтан үш жасынан бастап дефектолог-логопедке апарады. Егер бала адамдармен ашық сөйлеспесе, невропатолог, психолог, психиатрға жібереміз. Сонымен бірге учаскелік дәрігерлерде есепте болады. Тек олар емес, қазір тісі дұрыс шықпаған, тістемі бұзылған балалар да бар. Егер тістемі дұрыс болмаса, бала тамақты тек бір жағымен шайнайды. Сол кезде буынға әсер етеді. Баланың бет-әлпеті де өзгереді. Әсіресе үзбелері қысқа болса, сегізінші тістері шықпаса солай болады. Сондықтан 13 жастан бастап рентген жасап, тіс жатса, жұлып тастау керек. Бүкірейіп жүрсе, майтабан болса да осыдан болуы мүмкін. Оны ешкім ойламайды. 

бала
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Сіз қай кезден бастап бет-жақ хирургиясына бейімделдіңіз?

- Мен Қарағанды облысы Балқаш қаласындағы медициналық колледжін бітірдім. Қарағандыда стоматология факультеті ашылып, сонда бардым. Сол кезде бет-жақ хирургиясына, нақтырақ айтсақ хирург-стоматолог маманын стоматология факультетінде даярлады. Мамандарды аурухана мен емханаға деп бөлді. Бірінші күннен бастап мен аурухананы таңдадым. Ауруханада алдымен қабылдау бөліміне алды. Жарты жылдан кейін бөлімше меңгерушісі кетіп, орны босады. Тәлімгерім сол бөлімге жіберді. Өзім алғашында барғым келмеді. Тәлімгерім болса балалардың өте шыншыл, ашық, алдамайтынын айтып, мені көндірді. Жұмыс істей бастағаннан-ақ талап қатты болды. Таңертең ауысымды қабылдағанда өзім жүрдім. Тіпті медбикелердің укол жасап, жасамайтынын санап, қарадым. Кейбірі оған ренжиді, кейін үйренеді. Себебі отадан кейін тігіс ыдырап, пневмония болады. Оның алдын алу үшін арнайы екпе беру керек. Менің жанымда жұмыс істеу қиын, бірақ кейін соған алғыс айтады адамдар. Өзім де демалмаймын, өзге де демалмайды. 1984 жылы Қарағанды институтын бітірдім, 1987 жылдан бастап ота жасадым.

- Сіз 40 жылға жуық уақыт бойы қоянжырыққа ота жасап келесіз. Осы уақыт аралығында не өзгерді?

- Қазір зерттеу әдістері жақсы. Ота кезінде бәрі қолыңда болады. Бұрын электрокардиограмма жасап, анализ алдық. Баланы жоғалтқан кезде ғана қандай ақауы бар екенін білдік. Қазір өлім-жітім азайды. Жоғары ерінге бір жарым, таңдайға 2 сағат ішінде ота жасалады. Мен микроскоп қолданбаймын, көзілдірік те кимеймін.

- Қанша балаға ота жасадыңыз?

- Шамамен 2500 балаға ота жасадым.

- Осы салаға қызығатын жастар бар ма?

- Қазір өте көп. Былтыр 10 адам оқуға түсті. Жастардың көбі шынымен пластикалық хирург болғысы келеді. Бірақ бет-жақ хирургиясына шындап кіріскендері де бар.

Соңғы жаңалықтар