ҚПЛ-2024: «Жеңіс» алғашқы жеңісіне қол жеткізді

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының екінші турында елордалық «Жеңіс» Қарағандының «Шахтерін» жеңіп кетті.

ҚПЛ-2024: «Жеңіс» алғашқы жеңісіне қол жеткізді
Фото: kazfootball.kz

Елордалық команда ұзақ жылғы үзілістен кейін Премьер-лигаға қайта оралды. Команда құрамына бірқатар футболшыны шақыртып, доп додасына дайындықты пысықтады.

Есесіне қарағандылық клуб биыл жергілікті футболшыларға иек артып отыр. Қаржылық мәселеге байланысты олардың қатарынан бірқатар ойыншы басқа ұжымға ауысып кетті.

Бүгінгі кездесу тағдырын жалғыз гол шешті. Оны ойынның 45-минутында «Жеңіс» сапынан Манай Арб өзінің еншісіне жазды.

Осылайша елордалық клуб қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсіп, біріншіліктегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Енді алдағы ойынын «Жеңіс» 31 наурызда «Ақтөбеге» қарсы өткізсе, 30 наурызда «Шахтер» «Тұранмен» кездеседі. Енді бүгін, 7 наурыздa «Тұран» (Түркістан) мен «Қайрат» (Алматы) шеберлік байқасады.

Айта кетсек, 6 наурызда өз алаңында Қызылорданың «Қайсары» Петропавлдың «Қызылжарына» 0:3 есебімен есе жіберсе, «Атырау» мен «Ордабасы» 1:1 есебіне қанағат білдірді.

Ал қостанайлық «Тобыл» өз алаңында «Елімайдан» 4:2 есебімен басым түсті. Сондай-ақ 5 наурызда «Астана» командасы «Жетісуді» 2:0 есебімен жеңген еді.

Соңғы жаңалықтар