ҚР ішкі істер министрінің бірінші орынбасары ақтөбелік құқық қорғаушыларға Жолдау бағыттарын түсіндірді
М.Демеуов өзінің қызметтік сапарын Ақтөбе облысы Алға қаласындағы «Шипагер» емдеу-сауықтыру орталығынан бастады, сондай-ақ Алға ауданы ІІБ жеке құрамымен, денсаулық сақтау, білім беру және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы қызметкерлерімен кездесіп, Елбасының Жолдауын түсіндірді.
Алға ауданына сапары барысында топ өкілдері «Нұр Отан» ХПД ғимаратында болып, онда азаматтарды қабылдау өткізді. Азаматтарды мазалаған мәселелермен танысып, оларды шешуге тапсырмалар берді. Атап айтқанда, мектеп ғимаратының қасына тұрғын үйі бар учаскелік полиция пунктін салу туралы мәселе қозғалды.
«Ақтөбе қаласы аумағында шын мәнінде тұрғын үйі бар УПП құрылысын салу тәжірибесі бар, бұл жергілікті билік тарапынан, сондай-ақ ІІМ тарапынан қолдауға ие. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласында осындай 6 УПП тұрғызылды. Биыл осындай ғимараттың құрылысына 45 млн. теңге жұмсалды. Бұл әрине, бюджет үшін маңызды қаражат, бірақ осыған қарамастан, жергілікті билік жол тауып, ғимараттар құрылысына және автокөліктер алуға көмектесіп жатыр. Сол үшін жергілікті билікке алғысымызды айтамыз», - деді министрдің орынбасары.
Сондай-ақ ол Ақтөбе облысының атқарушы органына Алға қаласына тұрғын үйі бар УПП ғимаратын салу туралы ұсыныс жолданатынын және ол ғимарат мектептің қасына салынуы үшін мүмкіндіктер қарастырылатынын айтты. Тұрғындар облысқа келген топ мүшелеріне алғыстарын білдірді.
Сонымен қатар Марат Ганұлы құқық бұзушылықтарға деген «мүлдем төзбеушілік» принципін ескере отырып, қоғамдық жерлердегі және көшелердегі құқық бұзушылықтардың алдын алу, жол қозғалысы ережесін бұзушыларды анықтау, қылмыстарды «ізін суытпай» ашуда белсенділік танытылып жатқанын атап өтті. Қатаң есепке-алу тіркеу тәртібінің арқасында соңғы жылдары қылмыстар туралы арыздарды есепке алу мен тіркеу саласында заңдылықты сақтау артты.
Кездесуде Елбасының Жолдауындағы басым бағыттар кең талқыланып, қойылған сұрақтарға жауап берілді. Одан кейін ақпараттық-насихат тобы қызметтік сапарларын Ақтөбе қаласында жалғастырды. Мұнда М.Демеуов Ясный кентіндегі учаскелік полиция пунктінің жұмысымен танысты. Одан кейін оқу орнының оқытушыларымен және тыңдаушылармен кездесті, мұнда Елбасының Жолдауындағы басым бағыттар талқыланып, құқық қорғау органдарына қатысты толғандырған сұрақтарын қойды. Сондай-ақ ол облыстық Ішкі істер департаментінің жеке құрамымен, желілік ішкі істер бөлімінің, төтенше жағдайлар департаментінің және Ұлттық Ұлан әскери бөлімі қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Қызметтік жиналыс барысында қылмыстарға қарсы күрес және қоғамдық тәртіпті қорғау мәселелері талқыланды. М.Демеуов қоғамдық тәртіпті қорғау, көшедегі және жастар арасындағы қылмыстарға қарсы күрес бойынша Елбасының тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан шараларды тексерді. Министрдің орынбасары ішкі істер органдарында қылмыстық озбырлықтан азаматтарды қорғауда Елбасының тапсырмаларын орындау үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Ведомство басшысы қылмыспен күресте тиімділікті арттыру бойынша ішкі істер органы басшыларына нақты тапсырмалар берді.