Кішкентай Люлю және Сириядан құтқарылған 506 бала — ҰҚК «Жусан» операциясы туралы

АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы жылдары жүргізілген ең ауқымды гуманитарлық операциялардың бірі «Жусан» арқылы 735 қазақстандық, оның ішінде 506 бала құтқарылған. Ұлттық қауіпсіздік органдары күніне орай, ҰҚК баспасөз қызметі басшысының орынбасары Майгүл Айнабекова «Жусан» операциясының нәтижесі туралы айтып, Сирия лагерінен кішкентай Люлю есімді қызды құтқару оқиғасын айтып берді.

Кішкентай Люлю және Сириядан құтқарылған 506 бала — ҰҚК «Жусан» операциясы туралы
Фото: Видеодан алынған скрин

Оның айтуынша, «Жусан» операциясы 2019 жылдан 2021 жылға дейін бірнеше кезеңмен жүргізілген. Бұл уақытта Сирияда террористік «ДАИШ» (Қазақстанда тыйым салынған ұйым — ред.) ұйымы мен үкімет әскері арасында халықаралық коалицияның қолдауымен ұрыс қимылдары жалғасып жатқан еді. Мыңдаған әйелдер мен балалар қорғансыз қлып, лагерлер мен соғыс аймақтарында қалып қойды.

− Ол лагерлерде қазақстандық әйелдер мен балалар да болды. Оларды көмексіз қалдыратын құқығымыз болмады. Мені ең толқытқан сәт 6 жасар Люлюдің оқиғасы болды. Оның көзінде қорқыныш пен үміт қатар тұрды. Оны лагерьден өзім алып шықтым, алғаш рет өз есімін сыбырлап айтқанын естідім, − деді Майгүл Айнабекова.

Араб тілінен аударғанда «Люлю» есімі «маржан» мағынасын береді. Бүлдіршін қыз бірнеше жыл лагерьде тұрған, тілі арабша шығып, қазақша түсінбейді. Қазір оның жаңа есімі, жаңа өмірі бар. Мектепке барып, туыстарымен сөйлесіп, қалыпты өмірге алғашқы қадамдарын жасап жүр.

Оның мәліметінше, «Жусан» операциясы аясында Қазақстанға 735 азамат қайтарылған, оның 506-сы − балалар. 34 бала жетім қалса, 55 адам терроризмге қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қалғандары оңалту және әлеуметтендіру бағдарламаларынан өткен.

− Ең бастысы — балалар. Біз оларға тек паспорт пен құжаттарын ғана қайтармаймыз, біз оларға қорқынышсыз өмір сүру, оқу және армандау құқығын қайтарамыз, − деді Майгүл Айнабекова.

Операцияның барлық кезеңіне ҚР ҰҚК, Сыртқы істер министрлігі, дәрігерлер, психологтар және теологтар қатысқан. Қазақстанның бұл тәжірибесін басқа елдер де зерттей бастады. Оңалтудан өткен 76 әйел радикалды көзқарастарынан бас тартып, қазір халықаралық форумдарда радикалды идеологияға қарсы тұрудың маңыздылығын және балаларды елге қайтарудың қажеттілігін айтып келеді.

Майгүл Айнабекова
Фото: ҚР ҰҚК

Майгүл Айнабекованың айтуынша, қазіргі уақытта «Жусан» операциясының жаңа ауқымды кезеңдері жоспарланбаған, алайда азаматтарды қайтару және қорғау жұмыстары жалғасып жатыр.

Биылғы мамыр айында БҰҰ Қылмыстың алдын алу және қылмыстық сот төрелігі жөніндегі комиссиясының 34-сессиясында «Жусан» операциясына жоғары баға берілді. Қақтығыс аймақтарынан қайтарылған босқындарды қайта қоғамға бейімдеу саласындағы Қазақстанның озық тәжірибесі БҰҰ, ЕҚЫҰ және Аустрия СІМ өкілдерінің назарын аударды.

— Менің ойымша, Қазақстанның репатриация және реинтеграция бойынша жүргізген операциялары оң нәтижеге қол жеткізді. Сіздердің еліңіз бұл бағытта аймақтағы көшбасшы саналады. Римма Жүнісованың жеке тарихын тыңдау өте қызықты болды, бұл оқиға мұндай шаралардың Орталық Азиядағы басқа мемлекеттер үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Осы іс-шараны ұйымдастырғаны үшін Қазақстан тарапына алғыс айтамын және болашақта ынтымақтастыққа дайынбыз, − деген болатын БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының Терроризмнің алдын алу секторы бөлімінің басшысы Кейт Фитцпатрик.

Айта кетейік, Ұлттық қауіпсіздік органдары күні қарсаңында ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаев Kazinform агенттігіне эксклюзивті сұхбат беріп, еліміздің алдында тұрған басты сын-қатерлерді атады. Оның ішінде терроризм, діни экстремизм, трансұлттық қылмыс, кибершабуылдар мен сыртқы ықпал ету әрекеттері де бар.

 

Соңғы жаңалықтар