«KTZ EXPRESS» АҚ-ға қомақты айыппұл салынды
АСТАНА. KAZINFORM — «ҚТЖ ҰК» еншілес ұйымының жұмысында монополияға қарсы заңнама бұзушылықтары анықталған, деп хабарлайды Астана қаласы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаменті.

Қалалық департамент «KTZ EXPRESS» АҚ-ға қатысты тергеп-тексеру жүргізді. Тексеріс барысында 2021 жылы әскери тасымалдау аясында көлік-экспедиторлық қызметтерге монополиялық жоғары бағаларды белгілеу фактілері анықталды.
— Тергеп-тексеру барысында Акционерлік қоғам белгілеген экспедиторлық комиссиялардың Қазақстан аумағы бойынша тасымалдау құнының 30%-ға жетіп, рұқсат етілген нормалардан асып кеткені анықталды. Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі Мамандандырылған ауданаралық сотта істі қарау қорытындысы бойынша компанияға 10 114 304,84 теңге мөлшерінде монополиялық табысы тәркіленіп, 853 379,7 теңге мөлшерінде айыппұл тағайындалды. Сот қаулысы заңды күшіне енді, — делінген департамент таратқан ақпаратта.
Бұл ретте Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаменті Бас көлік прокуратурасымен бірлесіп тергеп-тексеруді жүргізді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚТЖ қаржылық жағдайын қаншалықты жақсартқаны анықталды.