«Құқықтық тәртіп»: Үш күнде іздеуде жүрген 12 адам ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM — Көліктегі Полиция департаментінде «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы қорытындыланды, деп хабарлайды Polisia.kz.

«Құқықтық тәртіп»: Үш күнде іздеуде жүрген 12 адам ұсталды
Фото: Polisia.kz

Қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және көлік инфрақұрылымы нысандарында құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында осы жылдың 11–13 желтоқсан аралығында көліктегі полиция департаменті республикалық «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Үш күнде 1200-ден астам құқық бұзушылық анықталды. 

Шара барысында көлік полицейлері 13 қылмыс пен қылмыстық теріс қылықты тіркеді. Олардың 12-і «ізін суытпай» ашылды. Жедел-іздестіру шаралары аясында іздеуде жүрген 12 адам ұсталды.

— Іс-шара кезінде әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесуге ерекше назар аударылды. Нәтижесінде 1245 азамат жауапкершілікке тартылды. Ең көп тіркелген құқық бұзушылықтар: қоғамдық орындарда тиісу — 108 факті, сондай-ақ алкогольдік ішімдіктерді ішу және қоғамдық орындарға мас күйінде келу — 96 факті. Сонымен қатар түнгі уақытта көлік нысандарында заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз 24 кәмелетке толмаған анықталды. Олардың 14-і кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Сондай-ақ көші-қон заңнамасын бұзу деректері де анықталып, 49 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — делінген ақпаратта. 

Қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында профилактикалық шараны өткізуге кинологиялық қызмет орталығының қызметкерлері тартылып, қызметтік-іздестіру иттерімен жедел қызмет көрсету аумақтарында патрульдеу жүргізді. Көліктегі полиция департаменті көлік нысандарында құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастыра береді.

Бұған дейін Қарағанды облысында құқық бұзушылықтардың алдын алатын QR-код жобасы іске қосылғаны туралы жаздық.

Соңғы жаңалықтар