Құлсарының тұрғындары су бөгетінің қоршауын күшейтіп жатыр

АТЫРАУ. KAZINFORM – Су тасқынынан кейінгі алғашқы таңда тұрғындар жергілікті билік органдарымен бірге бөгеттердің қоршауын күшейтіп, құм толы қап төсеп, өз үйлерін тасқынның келесі легінен сақтаудың бар амалын жасап жатыр. Бұл туралы Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді. 

Жители Кульсары укрепляют дамбы
Фото: Атырау облыстық әкімдігі

 

«Қаламыздың тұрғындарын толықтай эвакуациялау туралы жергілікті халық арасында түсініспеушілік туындады. Қазіргі уақытта тек су басу қаупі бар шағынаудандардың тұрғындары ғана эвакуацияланады. Бүгін әкімдік Жем өзенінің арналарын тазартуға айтарлықтай күш салды. Ол су деңгейінің төмендеуіне оң әсерін тигізеді. Мен сенімін жоғалтпай, жағаны бекіту жұмыстарын жұмыла жасап жатқан Құлсары халқына алғысымды білдіремін! Жағдайдың қиындығына қарамастан, халықты үрейге ерік бермеуге шақырамын. Туындаған келеңсіздіктерді мейлінше азайтып, сүйікті қаламыздың әр тұрғынының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге барымызды саламыз» — деді Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов. 

Су бөгеті
Фото: Атырау облыстық әкімдігі

Өңірдегі су жетпеген аймақтардағы тасқын судан қорғану жұмыстары мейілінше жалғасып жатыр. 

Жители Кульсары укрепляют дамбы
Фото: Атырау облыстық әкімдігі

«6 сәуірде түнгі сағат 02.00-ден бастап Теңіз кен орнының вахталық қалашықтарына Құлсары қаласынан эвакуацияланған тұрғындар, оның ішінде басым көпшілігі — әйелдер мен балалар келе бастады. Олар өмір сүруге қажеттінің бәрімен қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта ТШО барлық эвакуацияланғандарды азық-түлікпен және сумен қамтамасыз етуге күш салып отыр» — делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, Жылыой ауданында 4 сәуірде тасқын судан төнген қауіпке байланысты төтенше жағдай жарияланды. Артынша Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласына тасқын су кіре бастады. Атырау облысының Жылыой ауданында су тасқыны болуы мүмкін аймақта тұратын халықты хабардар ету үшін дабыл сиренасы қосылып, тұрғындарды 10 эвакуациялық пунктке көшіре бастады.

Бейнеу ауданында іргелес көрші облысқа қарасты Құлсары қаласындағы су тасқынынан кейін жедел желі іске қосылды. Құлсары қаласында 500 үйді тасқын су басып, 2400 адам көшірілді.

Түнге қарай Құлсарыда 2,5 мың ғимарат су астында қалып, мың бала эвакуацияланды.

Су басқан Құлсарыдағы ауруханадан 77 науқасты Маңғыстау облысына апарады.

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысының әкімі Серік Шапкеновпен телефон арқылы сөйлесіп, облыстағы бірде-бір отбасы мемлекеттің назарынан тыс қалмайтынын айтты. Президент тұрғындарға сәлем жолдап, барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді.