Құмар ойын ойнаған 25 мемлекеттік қызметші жұмыстан шығарылды — агенттік

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Биылғы жартыжылдықта құмар ойындарға қатысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтамаған 25 мемлекеттік қызметші қызметінен босатылды. Бұл туралы Қызылордада Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен өткен Әдеп жөніндегі уәкілдердің республикалық форумында айтылды.

Құмар ойындарға қатысы бар 25 мемлекеттік қызметші жұмыстан шығарылды — агенттік
Фото: Мемлекеттік қызмет істері агенттігі

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай «Әділетті Қазақстан – адал азамат» қағидаттарын мемлекеттік аппарат жұмысында бекем орнықтыру – стратегиялық маңызды міндет екенін айтты.

Бұл ретте олардың құмар ойындарға қатысуын, тыйым салынған заттарды қолдану сияқты бұзушылықтарды болдырмау, сондай-ақ адалдық қағидатына негізделген жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ерекше назар аудару қажет.

Оған қоса, мемлекеттік қызметішлердің отбасылық құндылықтарды сақтауы да маңызды басымдықтардың бірі болып қала бермек.

– Президент Жолдауында айтылған «Заң және тәртіп» – мемлекетіміздің мызғымас тұғыры. Қоғамда осы қағиданы түбегейлі орнықтыру үшін барлық құзырлы органдар арасында ортақ көзқарас пен ортақ ұстаным болуға тиіс. Бұл ең алдымен, ешбір құқықбұзушылыққа жол бермеу қағидасы, яғни кез келген заңсыздыққа қарсы тұру деген ұстаным. Сондықтан мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмысын барынша қолдау қажет.Сонда ғана елімізде құқықбұзушылыққа, озбырлық пен зорлық-зомбылыққа қарсы сана-сезім қалыптасады, қоғамға жат кез келген әрекетке төзбеушілік пайда болады, – деді Дархан Жазықбай.

Агенттік төрағасының айтуынша, мемлекеттік органдарда жаңадан Профилактика қызметін құру көзделіп отыр. Оның негізгі міндеттері – жемқорлықтың алдын алу шараларын қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметтердің сапасына ішкі бақылау жүргізу, ведомстволық бағынысты ұйымдар қызметін, оның ішінде комплаенс-қызметтердің қызметін үйлестіру болмақ.

Сондай-ақ, ерекше назар аударатын маңызды өзгерістердің бірі – қызметтік тергеп-тексеру рәсімдерінің институционалдық түрде қайта құрылуы. Бұл ретте кадр қызметтерінің негізгі міндеті персоналды дамыту мен тиімді кадрлық саясатты жүргізуге бағытталса, қызметтік тергеп-тексеру жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу өкілеттігі толықтай Профилактика қызметіне беріледі.

Бұл өзгерістер жаңа Заң жобасында нақты қарастырылған, оны іске асыруда Әдеп жөніндегі уәкілдер жетекші рөл атқарады. Олар агенттіктің өкілдері ретінде мемлекеттік органдарға іссапарға жіберіледі.

Сонымен бірге, бұл форумда жаңартылған ант мәтіні де талқыланды. Онда мемлекеттік қызметшіні тек құқықтық ғана емес, моральдық міндеттер де жүктелген мемлекеттің өкілі ретінде айқындалған.

Форумға қатысушылар Әдеп жөніндегі уәкілдердің дербестігін күшейтуге және оларға жүктелетін міндеттерді тиімді орындау тетіктеріне қатысты ойларын ортаға салды. Қазіргі таңда республика бойынша мемлекеттік органдарда 770 Әдеп жөніндегі уәкіл қызмет етеді.

Айта кетейік, мемлекеттік қызметке орналасуды барынша жеңілдету шаралары нәтижесінде жоғары оқу орнын жақсы көрсеткішпен аяқтаған 588 түлек аудандық және ауылдық жерлерде төменгі лауазымдарға конкурссыз қабылданып, еңбек етіп жүр.

Келесі жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер жұмысқа тек онлайн қабылданады. «E-Qyzmet» және «Бірыңғай кадр жүйесі» порталдары іріктеуде ашықтықты қамтамасыз етіп, адами факторға жол бермейді.

Соңғы жаңалықтар