Күн суытса да, жылу жоқ: Өскемен тұрғындары жылу қашан беріледі деп күтіп жүр
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласының тұрғындары үйлеріне жылу берілмей келе жатқанына наразылық білдірді.

Былтыр Өскеменде жылыту маусымы 26 қыркүйекте басталған болатын. Ал биыл күн суып кетсе де жылу берілмей келеді.
Синоптиктердің болжамына сәйкес, алдағы күндері қалада ауа райы салқын әрі жауынды болады. Тұрғындар болса, түнде тоңып жүргендерін айтып жатыр.
— Күн суытып кетті. Көшеде жұрттың бәрі қалың сырт киімдерін киіп жүр. Ал жылыту маусымының басталатын түрі жоқ. Осы аптада күн одан сайын суытады деп жатыр. Ал жылу неге берілмей келеді? — дейді Әйгерім есімді қала тұрғыны.
Жылыту маусымын бастау туралы шешімді жергілікті атқарушы орган жылумен жабдықтаушы кәсіпорынмен бірге сыртқы ауа температурасының төмендеуіне қарай қабылдайды.
— Осы аптада әкімдікте жылу маусымына байланысты жиналыс өтеді. Сол кезде жылудың нақты қай уақытта қосылатыны белгілі болады, — деп хабарлады Өскемен қаласы әкімдігінен.
Еске салсақ, осыған дейін Риддерде жылу беріле бастағаны хабарланған.