Құрылтай киберқылмысқа қарсы халықаралық жүйені нығайтатын құжатты қабылдады
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында «БҰҰ-ның Киберқылмысқа қарсы; ақпараттық-коммуникациялық жүйелер пайдаланылып жасалатын белгілі бір қылмыстарға қарсы күресте және елеулі қылмыстарға жататын электрондық нысандағы дәлелдемелермен алмасуда халықаралық ынтымақтастықты нығайту конвенциясын ратификациялау туралы» Заңы қабылданды.
Құжат ақпараттық-коммуникациялық жүйелерге заңсыз қол жеткізуді, электрондық деректерді ұрлауды, интернет-алаяқтықты және цифрлық ортада балаларға қарсы жасалатын жекелеген қылмыстарды криминализациялаудың ортақ тәсілдерін көздейді. Бұл ретте ынтымақтастық шет мемлекеттерге ақпаратты шартсыз беруді көздемейді. Сұрау салулар белгіленген құқықтық рәсімдер шеңберінде адам құқықтары, ұлттық заңнама талаптары және мемлекеттік егемендік қағидаттары сақтала отырып орындалады. Конвенция шетелдік органдарға Қазақстанның ақпараттық жүйелеріне шектеусіз қол жеткізу құқығын бермейді.
Конвенцияны Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2024 жылғы 24 желтоқсанда қабылдады. Бұл құжатқа 96 мемлекет, оның ішінде Қазақстан 2025 жылғы 25 қазанда Ханой қаласында ресми түрде қол қойды. Конвенция мемлекеттердің төрт негізгі бағыт бойынша ынтымақтастығының халықаралық-құқықтық негізін қалыптастырады.
- Бірінші — бұл цифрлық саладағы қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық белгілеу. Атап айтқанда, бірқатар әрекетті қылмыс деп тану көзделген. Ақпараттық жүйелерге заңсыз қол жеткізу және олардың жұмысына заңсыз араласу, электрондық деректерді ұстап қалу, құрылғыларды заңсыз пайдалану, ақпараттық жүйелерді пайдаланып ұрлық немесе алаяқтық жасау, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру және өзге де қылмыстар қамтылған. Екіншіден, қылмыстарды тергеп-тексеру және электрондық дәлелдерді алу тетіктерін жетілдіру ескерілген. Бұл тұрғыда мына рәсімдер көзделген: цифрлық деректердің сақталуын жедел қамтамасыз ету, қызмет көрсетушілерден ақпарат алу, желілік трафик туралы деректерді жинау. Бұл цифрлық іздерді уақтылы тіркеуге және оларды қылмыстық сот ісін жүргізу барысында одан әрі пайдалану үшін сақтауға мүмкіндік береді, - деді Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов.
Сонымен қатар ол заң аясында құқық қорғау органдарының халықаралық ынтымақтастығын кеңейту қарастырылғанын айтты. Конвенция мынандай тетіктерді белгілейді: өзара құқықтық көмек көрсету, ақпарат алмасу, бірлескен тергеп-тексеру жүргізу, қылмыскерлерді жауаптылыққа тарту және оларды ұстап беру мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасау. Жедел өзара іс-қимылды қамтамасыз ету үшін тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс орталықтарын құру көзделген.
- Мұнымен қоса, конвенцияда мыналар көзделген: жәбірленушілер мен куәгерлерді қорғау, озық тәжірибе алмасу, техникалық көмек көрсету және мамандар даярлау. Сонымен қатар адам құқықтарын сақтау, дербес деректерді қорғау, мемлекеттік егемендік және процестік шаралардың мөлшерлестік кепілдіктері бекітіледі. Еліміз үшін конвенцияны ратификациялаудың маңызы зор, - деді министрдің орынбасары.
Атап айтқанда, Қазақстан цифрлық инфрақұрылымды, электрондық мемлекеттік қызметтерді және қаржылық технологияларды дәйекті түрде дамытуда. Сонымен бірге, цифрлық құралдарды пайдалануға байланысты қатерлер де артып келеді. Бұл — интернет-алаяқтық, ақпараттық жүйелерге заңсыз қол жеткізу және басқа да трансшекаралық қылмыстар.
Сондықтан конвенцияны ратификациялау елге қосымша халықаралық тетіктерді мына мақсаттарда пайдалануға мүмкіндік береді:
-
шетелде орналасқан электрондық дәлелдемелерді жедел сақтау және алу;
-
сыртқы цифрлық платформаларды пайдаланып қылмыс жасайтын адамдарды анықтау;
-
шетелдік құқық қорғау органдарымен және цифрлық қызмет көрсетушілермен өзара іс-қимыл жасау.
- Осылайша, мәселе халықаралық байланыстарды кеңейтумен ғана шектелмейді, яғни жаһандық цифрлық кеңістікте қылмыстарды тергеп-тексеруге қажетті нақты құқықтық және практикалық тетіктіктерді алу қарастырылған. Конвенцияны іске асыру шет мемлекеттерге Қазақстанның ақпараттық ресурстарына еркін қол жеткізу құқығын бермейтінін ерекше атап өткім келеді. Барлық шаралар ұлттық заңнаманы, мемлекеттік егемендік қағидаттарын, дербес деректерді және азаматтардың құқықтарын қорғау талаптарын сақтай отырып жүзеге асырылады. Бұл ретте конвенцияны қолдану үшін ұлттық заңнамаға міндетті түрде жекелеген өзгерістер енгізу талап етілмейді, - деді С. Әділов.
Ұрланған активтерді бұғаттау
Құрылтай депутаты Дәулет Кәрібектің сөзіне қарағанда, Біріккен Ұлттар Ұйымының Киберқылмысқа қарсы конвенциясы қай әрекеттің қылмыс екенін анықтаудан бастап, цифрлық айғақтарды алу және қылмыскерлерді ұстап беруге дейінгі біртұтас жүйені қамтиды. Конвенция мемлекеттерді өз заңнамаларына нақты цифрлық қылмыстар үшін жауапкершілікті енгізуге міндеттейді. Оның ішінде:
- ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың құпиялылығы мен тұтастығына қарсы қылмыстар;
- ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып жасалатын жалпы қылмыстар;
- цифрлық ортада тұлғаға қарсы жасалатын қылмыстар көзделген.
- Сонымен қатар, құжатта іс жүргізу шаралары, яғни цифрлық айғақтарды жинау тәртібі нақтыланған. Құжат құқық қорғау органдарының электрондық дәлелдемелердің ерекшелігін, яғни олардың бірнеше секундта жойылып кетуі мүмкіндігін ескере отырып, оларды қалай жинау керектігін егжей-тегжейлі реттейді. Мысалы, құжатта деректерді жедел сақтау, тінту және тәркілеу: компьютерлерге, серверлерге және криптоәмияндарға заңды түрде қол жеткізу тетіктері, деректерді нақты уақыт режимінде жинау, яғни тергеу кезінде трафик пен контент туралы мәліметтерді жедел алу мүмкіндіктері қарастырған, - деді депутат.
Конвенцияның тағы бір негізгі бағыты – халықаралық ынтымақтастық және өзара құқықтық көмек көрсету.
Бұл блокта:
- өзара құқықтық көмек, оның ішінде бір елден екінші елге электрондық дәлелдемелерді алудың жеңілдетілген тәртібі;
- киберқылмыскерлерді ұстап беру және «ұстап бер немесе сотта» қағидаты бойынша оларды өз аумағында соттау міндеттемесі;
- «24/7» желісі, яғни трансшекаралық кибершабуылдарға және ұрланған активтерді бұғаттауға жедел әрекет ету үшін әр елде тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс орталықтарын құру міндеттері қарастырылған.
Заңды қабылдау киберқылмысқа қарсы іс-қимылдың халықаралық-құқықтық құралдарын нығайтуға, трансшекаралық қылмыстарды тергеудің тиімділігін арттыруға және Қазақстан Республикасының азаматтарының заңды мүдделерін қорғауға мүмкіндік береді.
Еске салсақ, биыл қыркүйек айында Құрылтай Қазақстанның киберқылмысқа қарсы күресін күшейтетін құжатты қабылдады.