Курорттық аймақта күшті әсер ететін психотроптық препарат таратқандар ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер министрлігі Ақмола және Қарағанды облыстарында күшті әсер ететін препараттарды заңсыз таратумен айналысқан екі топтың қызметін тоқтатты. Операция барысында 21 адам ұсталып, 50 мыңнан астам құты «Тропикамед» тәркіленді. Бұл туралы ІІМ мәлім етті.
Министрліктің дерегінше, қазан айында еліміздің бірнеше өңірінде аталған препараттарды жеткізу арналары анықталып, оларды заңсыз өткізу схемаларының жолы кесілген. Атап айтқанда, Көкшетау, Щучинск қалалары мен «Бурабай» курорттық аймағында препараттарды жеткізу мен таратуды жолға қойған қылмыстық топ мүшелерін бір мезгілде ұстау операциясы жүргізілді. Барлығы 11 адам ұсталған.
— Олардың қатарында фармацевтикалық компаниялардың иелері мен қызметкерлері, курьерлер және өзге де тұлғалар бар. Тінту іс-шаралары барысында «Тропикамед» препаратының 50 мыңнан астам құтысы және осыған ұқсас басқа да препараттардың шамамен 4 мың бірлігі тәркіленді, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар атыс қаруы, оқ-дәрілер, бірнеше автокөлік және ірі көлемдегі ақша қаражаты, оның ішінде шетел валютасы анықталып, тәркіленді. Осыған ұқсас іс-шаралар Қарағанды және Теміртау қалаларында да жүргізілді. Нәтижесінде жергілікті қылмыстық орта өкілдері кірген 10 адамнан тұратын топ ұсталды.
Олардың Қарағанды облысының аумағында күшті әсер ететін психотроптық препараттарды өткізуге қатысы бар екенін растайтын дәлелдер жиналды. Тінту барысында психоактивті заттар, травматикалық және суық қару анықталып, тәркіленді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
— Мұндай қылмыстар қоғамға елеулі қауіп төндіріп, адамдардың өмірі мен денсаулығына ауыр зардаптар әкелуі мүмкін. Қабылданған шаралардың нәтижесінде күшті әсер ететін препараттарды заңсыз таратудың бірнеше арнасының қызметі тоқтатылып, қауіпті өнімдердің едәуір көлемі заңсыз айналымнан алынды және олардың халық арасында одан әрі таралуына жол берілмеді. ІІМ осындай қылмыстарды анықтау және жолын кесу, заңсыз схемаларды ұйымдастырушыларды анықтау және оларды заңда белгіленген жауаптылыққа тарту бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады, — деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Айта кетейік, бұған дейін Көкшетауда тыйым салынған дәрі-дәрмек таратқан күдікті ұсталған болатын.