ІІМ секс құлдыққа түскен оқушы ісіне қатысты пікір білдірді
АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрі Ержан Сәденов қызылордалық оқушыны жезөкшелікке мәжбүрлеу оқиғасына қатысты пікір айтты.
Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер министрден «осы іс бойынша қамауға алынғандардың сатты артты ма?» деп сұрады.
Өз кезегінде Е. Сәденов ұсталған күдіктілер саны өзгермегенін айтты.
«9 қылмыстық істің арасында бесеуі (тергеу амалдары) аяқталды. Бұл тұрғыда бірнеше іс қаралып жатыр. Осылардың барлығын аяқтағаннан кейін, сот нақты нүктесін қояды», - деді ведомство басшысы.
Еске салсақ, биыл тамыз айында Қызылорда қаласында мектеп оқушылары сыныптасын секс-құлдықта ұстады деген күдікке ілінді.
Бір топ жасөспірім 16 жасар қызды қинап ұстағаны, есірткі беріп, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлегені туралы ақпарат тарады. Оқушы қыздың ата-анасы бұл жағдайды қоғамдық қорға хабарлаған.
Қызылорда полициясы аталған дерек бойынша күдіктілерді ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Кейін күдікке ілінген мектеп оқушылары үйқамаққа ауыстырылды.
Кейінірек оқушыны жезөкшелікке мәжбүрлеуге қатысты 13 адам анықталды.
Жақында Қызылордада оқушыны жезөкшелікке мәжбүрлеген айыпталушыға үкім шықты.