Мадридте Рыбакинаны ұтқан Соболенко финалда жеңіліс тапты

МАДРИД. KAZINFORM – Әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентек Мадрид WTA 1000 турнирінің чемпионы атанды.

теннис
Фото: championat.com

И.Швентек финалда әлемнің 2-ракеткасы, беларусьтік Арина Соболенкомен бетпе-бет келді.

Бұлардың екеуі де атағы жер жарған теннисшілер еді. И.Швентек «Үлкен дулыға» турнирін төрт рет ұтса, А.Соболенко Аустралия ашық чемпионатының екі дүркін чемпионы атанған болатын.

Өткен жылы Мадридте финалда беларусьтік теннисші И.Швентекті 6:3, 3:6, 6:3 есебімен жеңген еді.

Бұл жолы бірінші партияны брейк алмасумен бастағанымен, есеп 5:5 болған мезетте Ига брейк жасап кетті – 7:5.

Екінші сетте Соболенко брейкпен алға шыққанымен, Швентек есе қайырып отырды – 3:3. Бірақ Арина алған бетінен қайтпады – 6:4.

Үшінші, шешуші партияда беларусьтік теннисші 3:1 есебімен тағы да алға кеткенімен, Швентек таразы басын теңестірді – 3:3. Ақыры ол тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 7:6 (9:7).

Үш сағат 12 минутқа созылған матчта Швентек 2 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Соболенко 4 эйс, 5 брейкпен (13 брейк-пойнт) көзге түсті.

Осылайша, әлемнің 1-ракеткасы өткен жылғы кеткен есесін қайтарды.

Мадрид мастерс жарысының жартылай финалында А.Соболенко тартысты бәсекеде Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакинаны 1:6, 7:5, 7:6 (7:5) есебімен қапы қалдырған еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Мадрид мастерс турнирінің финалынан тыс қалғанын жазған болатынбыз.

Жібек Құламбаева Тунистегі турнирдің жартылай финалына өтті.

Өкінішке қарай, Ж.Құламбаева рейтингіде өзінен әлдеқайда төмен тұрған жапониялық Икуми Ямазакиге 1:6, 3:6 есебімен жол беріп, финалға шыға алмады.

Сондай-ақ тағы бір қазақстандық Бейбіт Жұқаев Чьянчжоу (Қытай) челленджер турнирінің ширек финалында екі сағат жарымнан астам уақытқа созылған матчта аустралиялық Адам Уолтонға есе жіберді – 3:6, 7:5, 5:7.

 

Соңғы жаңалықтар