Маңғыстау облысында 14 мектеп салынды
АСТАНА. KAZINFORM – Маңғыстау облысында үш ауысымды мектептер саны азайды және ерекше қажеттілігі бар балаларға оңалту орталықтары салынып жатыр. Бұл туралы өңір әкімі Нұрдәулет Қилыбай айтты.
«Келешек мектептері», «Ауыл – Ел бесігі» жобалары аясында және демеушілік есебінен облыста 14 мектептің құрылысы мен 2 мектепке қосымша құрылыс салынып, пайдалануға берілді.
Жаңаөзен қаласында 350 орындық оқушыларға арналған озық үлгідегі Болашақ сарайының құрылысы аяқталды, нысан келесі айда ашылады.
– Өткен оқу жылында 3 ауысымда оқитын 10 мектеп болса, биыл 3 мектеп қалып отыр. Енді өңірдегі үш ауысым мәселесін түпкілікті жою үшін 9100 орынға арналған 8 мектептің құрылысына (Ақтау, Маңғыстау ауданы, Жаңаөзен, Мұнайлы ауданы) және 5 мектепке жапсаржай салу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда, - деді Н. Қилыбай елордада Орталық коммуникациялар қызметінде.

Облыстағы орта білім сапасы да жақсарып келеді. Биыл 9 731 түлек мектеп бітірген, мемлекеттік грант иегерлер саны өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға өскен.
— Биыл өңірімізде алғаш рет «Табысты мектеп» конкурсы өткізілді. Оның мақсаты – өңірдегі білім сапасын арттыру және педагогикалық ұжымды ынталандыру. Конкурс нәтижесінде мектептің барлық қызметкерлері (техникалық қызметкерден мектеп директорына дейін) сыйақылар алды, - деді облыс әкімі.
Ерекше қажеттілігі бар балаларға жағдай жасау мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі арқылы облыста 2 балабақша құрылысы басталды. Бейнеу ауылында алғаш рет ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған оңалту орталығы ашылды. Жаңа орталық жылыны 600 баланы қабылдап, оңалту курстарын ұйымдастыра алады.
2026 жылы кәмелет жасына толмаған балаларға арналған 100 орындық «Аутизм» орталығы өз жұмысын бастайды. Ондағы керекті жабдықтардың барлығы демеушілік есебінен алынды.
Бұған дейін Нұрдәулет Қилыбай өңірдегі жұмыссыздық мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтып берді.