Мәскеуде АЭС құрылысына қатысты референдум қалай өтіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда атом электр стансасын салуға қатысты жалпыхалықтық референдум өтетін күні Мәскеуде Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінде орналасқан №397 сайлау учаскесі жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де (Астан уақытымен сағат 9-да) жұмысын бастады. 

Мәскеуде АЭС құрылысына қатысты референдум қалай өтіп жатыр
Фото: Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігі

Сайлау учаскесінің мүшелері мен қазақстандық дипломаттар сайлау учаскесін ашу рәсімін өткізіп, Қазақстан Республикасының Әнұранын орындады. Көрші мемлекеттің астанасында жүрген барлық қазақстандық азамат еліндегі АЭС құрылысына қатысты өз пікірін білдіре алады.

Дипломатиялық өкілдік азаматтарды алдағы референдум туралы ақпараттандыру жұмыстарын жүргізді. Сайлаушылардың жоғары белсенділігі күтілуде. 

Ресей аумағында Қазақстан Республикасының Мәскеудегі Елшілігінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Санкт-Петербург, Қазан, Омбы және Астрахань қалаларындағы Бас консулдықтарында сайлау учаскелері ашылды. 

Мәскеуде АЭС құрылысына қатысты референдум қалай өтіп жатыр
Фото: Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігі

Сайлау учаскесі сағат 07:00-ден бастап жұмыс істейді, дауыс беру Мәскеу уақытымен 20:00-де аяқталады. Сайлау учаскесіне дауыс беруге келген Қазақстан Республикасының әрбір азаматының төлқұжаты немесе жеке куәлігі болуы тиіс. 

№397 сайлау учаскесінде Қазақстан Республикасының барлық жастағы және кәсіптегі азаматтары, соның ішінде Ресейде уақытша тұратын, мемлекеттік органдар мен жеке компаниялардың қазақстандық өкілдіктерінің қызметкерлері, Мәскеу ЖОО студенттері мен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің курсанттары, сондай-ақ референдум күні Мәскеу қаласында болатын басқа да санаттағы тұлғалар дауыс бере алады. 

Еске салайық, бүгін қазақстандықтар атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдумда дауыс береді. 

Республикалық референдум бюллетенінде бір ғана сауал болады: Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе? Дауыс беруші жауаптың екі нұсқасының бірін таңдайды: «Иә, келісемін» немесе, «Жоқ, келіспеймін».

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин АЭС салуға қатысы референдумда елордадағы №164 дауыс беру учаскесінде өз таңдауын жасады. 

Премьер-министр Олжас Бектенов Астана қаласындағы Оқушылар сарайында орналасқан №61 учаскеге келіп дауыс берді. 

Осыған дейін Алматы әкімі Ерболат Досаевтың жұбайымен бірге дауыс беру орнына келгені туралы жазған едік. 

Өздерінің конституциялық құқығын Корея Республикасындағы Қазақстан азаматтары алғашқылардың бірі болып жүзеге асырды. 

Сондай-ақ Бейжіңдегі Қазақстан Республикасының Елшілігі мен Шанхай және Гонконгтағы Қазақстанның бас консулдықтарында Атом электр стансасын (АЭС) салу жөніндегі республикалық референдумға дауыс беру пункттері ашылды. 

Өзбекстан астанасында орналасқан Қазақстан елшілігінің жанындағы референдум учаскесі жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де өз жұмысын бастады.