«Майқайыңалтынға» жаңа басшы тағайындалды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар облысындағы «Майқайыңалтын» АҚ- ның бас директоры болып Даниал Нәбиев тағайындалды. Ол бұған дейін аталған компанияда басшының бірінші орынбасары қызметінде болған.

«Майқайыңалтынға» жаңа басшы тағайындалды
Фото: Алтыналмас

«Майқайыңалтынның» еңбек ұжымына жаңа басшы таныстырылды. Алтын кәсіпорнының жаңа иесі - «Алтыналмас» АҚ басшылығы Даниал Нәбиевтің кандидатурасын құптап, бас директорлыққа бекіткен. Д. Нәбиевтің басқарушылық тәжірибесі мол, Қазақ-Британ университетінің түлегі.

Қазіргі уақытта еңбек ұйымы бірқатар жаңа бағыттарды жоспарлап қойған. Пайдалану мерзімін ұзарту және өндіріс көлемін арттыру мақсатында компания қазірдің өзінде қатты пайдалы қазбаларды барлау үшін бес лицензия алған. Перспективті бағыттардың бірі - Баянауылдағы «Алпыс» кен орны. Онда геологиялық барлау жұмыстары жүргізілетін болады. Кен орнының игерілуі басталған уақыттан бері жинақталған тарихи қалдықтарды өңдейтін жаңа фабрика салу көзделіп отыр. «Алтыналмас» компаниясы даму, өндіріс көлемін арттыруды ғана емес, кәсіпорындағы еңбек ахуалын жақсартып, әлеуметтік жағдайды дұрыстауға көңіл аудармақшы.

«Майқайыңалтынға» жаңа басшы тағайындалды
Фото: Алтыналмас

Бұған дейін «Алтыналмас АК» компаниясы «Майқайыңалтынды» сатып алу процесін аяқтағаны туралы жазған едік.

Еске сала кетейік, 2024 жылғы 4 қаңтарда Павлодар облысындағы Майқайың алтын кенішінде ішінде адамдар бар автобус жер астына түсіп кетті.

Апат болған күні оқиға орнынан екі құтқарушының мүрдесі табылды.

Былтырғы 19 шілдеде Майқайыңда алты айдан соң үшінші құтқарушының мүрдесі табылған еді.

Ал 25 шілде күні Майқайыңдағы ойыққа түсіп кеткен автобус табылып, жердің астына түсіп кеткен соңғы адамның денесі жоғарыға шығарылды.

Кейін Елорда соты құтқарушылардың өліміне жұмыс беруші тарап кінәлі деп таныды.

Қыркүйек айында кеніштегі апатқа кінәлі ретінде 6 адам қамауға алынғаны туралы жазған едік.

Күдіктілер кейін үйқамаққа жіберілді

Кейін сот «Майқайыңалтын» кенішінде қаза болған құтқарушының ісі бойынша моралдық өтемақыны төрт есе кемітті. 

Ал 2024 жылдың соңында Павлодар облысының әкімі Майқайыңдағы апаттық үйлер тұрғындарына жаңа баспана салынатынын мәлім етті.

Биылғы ақпан айында Майқайың кенішіндегі апатқа кінәлі тұлғалардың алғашқыларына үкім шығарылды.

Ал жақында Павлодар облысының билігі Майқайыңда апатты аймақта тұрып жатқан 273 адам қалай көшіретіні туралы алдын ала жоспарларын жария етті.

Соңғы жаңалықтар