Майқайыңдағы қайғылы оқиғаға кінәлі тұлғалар 8 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Бүгін Баянауыл аудандық сотында Майқайың алтын кенішінде 4 құтқарушының өліміне себепкер болған қайғылы оқиға бойынша қылмыстық істі қарау басталды.Аталған оқиға бойынша сотта 6 адамға айып тағылып отыр.

«Майқайыңалтын» АҚ-ның алтын кенішінде төрт құтқарушының өмірін қиған апатқа кінәлі тұлғалар ретінде 6 адам ұсталғаны туралы бұған дейін жазғанбыз.
Сотта «Майқайыңалтын» АҚ-ның бұрынғы бас директоры мен оның бірінші орынбасарына, Майқайың жерасты кенішінің директоры мен оның орынбасарына, кәсіпорынның бас инженері мен бас маркшейдерінің міндетін атқарушыға қатысты айып тағылды.

Тергеу қорытындысына сүйенсек, кәсіпорында 2011 жылы әзірленген жоба бойынша кен алынған жерасты кеңістіктеріне бетон құю қарастырылған. 2013 жылы технология процесінің күрделі болуына байланысты өзгерістер енгізуге шешім қабылданып, бетон құюды кеңістіктерді құлату әдісіне ауыстырған. Айыптаушының пікірінше, аталған жобалардың талаптарын сақтамау салдарынан аталған қайғылы жағдайға әкеп соқтырған.

— АҚ басшылығы ережелерді бұзып, жерасты тау-кен жұмыстарын 2011 және 2013 жылдардағы жобалардан ауытқи отырып орындаған. Кен алынған бос кеңістіктерді бақылау, сондай-ақ өндірілген тазарту кеңістігінің бос жерлерін мәжбүрлеп құлату жүргізілмеген. Кәсіпорын қызметкерлері үшін қауіпсіз еңбек жағдайы қамтылмаған, соның ішінде кеңістіктердің үстінгі жағында орналасқан, құлауы ықтимал аймақтарды қоршау бойынша шаралар қабылданбаған және геомеханикалық (геотехникалық) қызмет ұйымдастырылмаған, — делінген айыптау актінде.
Соттағы қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 277-бабы, 3-тармағы — «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет» бабы бойынша қарастырылып отыр. Аталған бап бойынша сот кінәлі тұлғаны үш жылдан сегіз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыра алады.
Бүгін сот отырысында ең әуелі жәбірленушілерден, куәгерлерден, сарапшылардан және соңынан сотталушылардан жауап алуға шешім қабылданды.

Бұған дейін Баянауыл аудандық соты Павлодар облыстық өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің бұрынғы қос қызметкеріне жаза тағайындағаны туралы жазғанбыз. Олардың бірі департаменттің мемлекеттік қадағалау бөлімінің басшысы, екіншісі бөлімнің бас маманы болып қызмет еткен. Лауазым иелері 2016 жылы «Майқайыңалтын» кәсіпорнының жерасты шахтасын тексеру барысында жіберілген салғырттық үшін жауапты деп танылған.
Еске сала кетейік, 2024 жылғы 4 қаңтарда Павлодар облысындағы Майқайың алтын кенішінде ішінде адамдар бар автобус жер астына түсіп кетті.
Апат болған күні оқиға орнынан екі құтқарушының мүрдесі табылды.
Кейін құтқарушылар топырақтың жиі қозғалуына байланысты жер қазу жұмыстарын тоқтатты.
Ал мамыр айында Майқайың алтын кенішінде қос құтқарушыны іздеу жұмыстары қайта жанданды.
19 шілдеде Майқайыңда алты айдан соң үшінші құтқарушының мүрдесі табылған еді.
25 шілде күні Майқайыңдағы ойыққа түсіп кеткен автобус табылып, жердің астына түсіп кеткен соңғы адамның денесі жоғарыға шығарылды.
Кейін Елорда соты құтқарушылардың өліміне жұмыс беруші тарап кінәлі деп таныды.
Опат болған бір құтқарушының отбасы жұмыс берушіден 120 млн теңге өндіріп алды.
Кейін сот «Майқайыңалтын» кенішінде қаза болған құтқарушының ісі бойынша моралдық өтемақыны төрт есе кемітті.
Апаттан соң Майқайыңдағы «Шанхай» шағын ауданының тұрғындары үйлерімен қоса жер астына түсіп кетуден қорқатындарын айтып, дабыл қақты.
Ал 2024 жылдың соңында Павлодар облысының әкімі Майқайыңдағы апаттық үйлер тұрғындарына жаңа баспана салынатынын мәлім етті.
Баянауыл аудаынының әкімдігі Майқайыңда апатты аймақта тұрып жатқан 273 адам қалай көшірітіні туралы жоспарларымен бөлісті.
Сондай-ақ «Алтыналмас АК» компаниясы «Майқайыңалтынды» толықтай сатып алды.
Өз кезегінде «Алтыналмас» Майқайың халқының өзекті мәселелерін шешуге ынталы екенін хабарлаған.