Мәжіліс бірқатар заң жобасын талқылайды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы өтеді. Онда депутаттар телекоммуникациялар нарығын дамытуға, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуге қатысты заң жобаларын қарап, бұған дейін бірінші оқылымда мақұлданған бірқатар құжатты пысықтайды.

заң
Коллаж: Kazinform / Nano Banana

Сонымен, алдымен палата телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері жөніндегі заң жобаларын бірінші оқылымда қарайды. Үкіметтік түзетулер байланыс инфрақұрылымын дамытуға, перспективалы технологияларды тарту үшін қолайлы жағдай жасауға және қызметтердің халыққа қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Өзгерістер «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Байланыс туралы», «Ақпараттандыру туралы», «Пошта туралы», сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңдарға қатысты болады.

Заң жобасының мақсаты — қолданыстағы заңнаманы жаңғырту және елдің цифрлық инфрақұрылымын одан әрі дамыту үшін жағдай жасау. Құжатты іске асыру нәтижесінде «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын одан әрі дамытуға нормативтік негіз қалыптасып, ел азаматтарының барлығына сапалы байланысқа тең қолжетімділік қамтамасыз етіледі деп күтіледі.

Күн тәртібінің жобасына депутаттар бастамашы болған бірінші оқылымдағы «Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» жаңа заң жобасы мен оның ілеспе түзетулері де енгізілді.

радиоактивные отходы
Фото: freepik

«Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» заң жобасы — еліміздің радиациялық және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі әрі стратегиялық маңызды құжат. Бұл құжатты депутаттар екі жылдан астам уақыт бұрын әзірлеген және ол Үкіметпен келісіліп, барлық қажетті сараптамалар алынған.

Заң жобасы аясында радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеудің жалпы шарттары белгіленеді, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі ұлттық оператор институты енгізіледі және қаржыландыру мен техникалық инфрақұрылым көздері айқындалады.

Ұлттық оператордың негізгі функциялары мыналарды көздейді:

— барлық қалдық түзуші кәсіпорындардан РАҚ-ты жинауды, тасымалдауды және қайта өңдеуді ұйымдастыру;

— РАҚ-ты көму пункттерін жобалау, салу, пайдалану және қызмет көрсету;

— Олардың қауіпсіз орналастырылуы үшін қайта өңдеуді және кондиционерлеуді жүргізу;

— РАҚ тізілімін жүргізу және олардың барлық түрлері бойынша есептілікті дайындау;

— РАҚ-пен жұмыс істеу жөніндегі мемлекеттік және халықаралық бағдарламаларға қатысу;

— көмілген объектілерді ұзақ мерзімді мониторингтеу және бақылауды қамтамасыз ету.

Осылайша, ұлттық оператор елдің ядролық және радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің орталық буыны болады, радиоактивті қалдықтардың басқару және түпкілікті көму бойынша толық әрі кешенді жауапкершілікті өз мойнына алады.

Мұнан бөлек, екінші оқылымда депутаттарға атқарушылық іс жүргізу саласындағы, сондай-ақ педагог мәртебесі мен білім беру мәселелері жөніндегі заңнамалық өзгерістерді қарау ұсынылады.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Мәжіліс осы жылдың 29 сәуірінде бірінші оқылымда мақұлдады.

Құжатта мынадай нормалар қарастырылған:

— өндіріп алу шегі 20-дан 40 АЕК-ке дейін ұлғайту арқылы атқарушылық құжаттардың жекелеген санаттары (айыппұлдар мен салық берешектерін өндіріп алу) бойынша оңайлатылған іс жүргізудің қолданылуы кеңейтіледі, бұл азаматтардың қосымша шығыстардан арылуына мүмкіндік береді;

— Әділет министрлігіне өндірілген қаражатты өндіріп алушыларға аударудың нақты мерзімдерін белгілеу өкілеттігі беріледі, бұл ретте ісі әкімшілік-аумақтық бірліктен тыс орналасқан өндіріп алушылардың құқықтары ескеріледі;

— сот орындаушыларына борышкерлерді көшіру (шығару) туралы он күн бұрын хабарлау міндеті енгізіледі, бұл оларға дайындалуға және басқа тұрғын үй табуға мүмкіндік береді;

— мәжбүрлеп орындату шараларын ұсыну мерзімі өтіп кеткен жағдайда, олардың барлығын жою нормасы енгізіледі.

Законопроект о статусе педагога рассмотрят в Мажилисе
Коллаж: Kazinform / ЖИ

Ал педагогтер мәртебесіне қатысты заң жобасы аясында мұғалімдер балалардың өмірі мен денсаулығы үшін тек оқу-тәрбие процесі кезінде жауапты болады.

— Жазғы демалыс, түнгі уақыт, демалыс күндері — ата-ананың жауапкершілігі. Енді ешқандай екіұдай түсінік болмауы тиіс, яғни педагогтерді осылай қорғаймыз, — деген еді палатаның жалпы отырысында аталған құжатты таныстырған депутат асхат Аймағамбетов.

Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Мәжіліс отырысында бірқатар заң жобасын бірінші оқылымда қабылдап, бірнеше Заңды қабылдады. Нақты айтқанда, палата «Топырақты қорғау туралы» заң жобасы мен оған ілеспе құжат бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасында топырақты регенерациялау тетігіне ауысу шарттары көзделеді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердегі топырақты қорғау ерекшеліктерін регламенттеу үшін мынадай талаптар белгіленеді:

— топырақты қорғаудың ең үздік қолжетімді технологияларын пайдалану, міндетті түрде ауыспалы егістерді енгізу;

— тыңайтқыштарды қолданудың ғылыми негізделген жүйесіне қатаң түрде сәйкестікте органикалық және минералды тыңайтқыштарды енгізу, топырақта химиялық элементтердің қауіпті мөлшерде жиналуын болғызбау;

— топырақтың сарқылуына әкелетін оның жай-күйіне байланысты белгілі бір ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді шектеу.

Аңшылық
Фото: Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы

Депутаттар бірінші оқылымда мақұлдаған құжат — «Аңшылық саласы және жануарлар дүниесін сақтау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мен оған ілеспе құжат.

Заң жобаларының негізгі мақсаты — жануарлар дүниесін тұрақты пайдалануын қамтамасыз ету, биоәртүрлілікті сақтау және осы саладағы мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру. Заң жобасында Жер және Орман кодекстеріне, сондай-ақ «Жекелеген қару түрлерінің айналымын мемлекеттік бақылау туралы», «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы», «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы», «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңдарына өзгерістер енгізу көзделген.

Мұнан бөлек, Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне газбен жабдықтау және тауарлық газды ұқыпты тұтыну мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды қабылдады.

Изменение оптовых цен на газ рассматривают в Правительстве
Фото: Энергетика министрлігі

Құжат бойынша баяндама жасаған Вера Кимнің айтуынша, заң жобасы Мәжіліс депутаттары тарапынан бастамашылық етілген және биыл 11 ақпанда бірінші оқылымда осы заң жобасы мақұлданды.

Заң жобасының негізгі нормалары:

— газды үнемді тұтынуды ынталандыруға;

— есепке алудың цифрландырылуы мен ашықтығын қамтамасыз етуге;

— газ тарату ұйымдарының қызметін мемлекеттік реттеуге;

— баға қалыптастыру тәсілдерін жетілдіруге;

— бюджеттік газдандыру жобаларын іске асыру барысында газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық оператордың бақылауын күшейтуге бағытталған.

Сонымен қатар палата «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және оған ілеспе құжатты мақұлдады.

Заң аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша алдын алу шаралары күшейтіледі. бірлесіп қызмет етуге тыйым салынған адамдар шеңбері кеңейтіліп, олардың қатарына байланысты адамдар енгізіледі. Сонымен қатар, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі кадрлық процестерді бақылау күшейтіледі. Мүдделер қақтығысын реттеу және болғызбау жөнінде шаралар қабылданбаған немесе уақтылы қабылданбаған жағдайда тәртіптік немесе әкімшілік жауапкершілік көзделеді. Ал мүдделер қақтығысы жағдайында қабылданған немесе жасалған актілер, шарттар, мәмілелер және басқа да шешімдер жарамсыз, яғни заңсыз деп танылады. Заңды тұлғалардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін қылмыстық жазаларға сәйкес санкциялар белгілеу арқылы жауаптылығы күшейтіледі. Сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасаған жеке тұлғалар үшін шамадан тыс және пропорционалды емес құқықтық салдарлар тудыратын ережелер алынып тасталады.

Бұған қоса, Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға Сенат жаңа редакцияда ұсынған жекелеген баптармен келісті. Түзетулерге сәйкес, иесіз жануарлардың санын реттеу мәселелері, оның ішінде тәртібі мен мерзімдері жергілікті өкілді органдардың құзыретіне берілді. Мұнымен қоса, «иесіз жануарлар» ұғымы нақтыланды. Жануарларды жансыздандыру туралы шешімді ветеринариялық қорытынды негізінде қабылдау нормасы толықтырылды және өзге де түзетулер енгізілді.