«Таза қала» жобасы: мегаполис атануға үміткер Ақтөбенің көркі талапқа сай ма
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Jibek Joly телеарнасындағы «Таза қала» бағдарламасы еліміздің батыс бөлігіне жетті. Бүгін түсірілім тобы 155 жылдық тарихы бар Ақтөбе қаласының тазалығы мен эстетикасы жөнінде кезекті бағдарламасын ұсынды.

Жаңа және ескі аудандар мәселесі
Мегаполис атануға үмітті қалада қазір 700 мың адам тұрады. Жаңа аудандар салынып, заманауи нысандардың саны артып жатыр. Әйтсе де «бір кем дүние» мұнда да бар. Осыған дейін қалада жаңа тұрғын үйді қабылдап алудың жеңілдетілген формасы енгізілген еді. Соның салдарынан қоршауы жоқ суағарларды, толығымен аяқталмаған ойын алаңдарын, шаң басқан жолдарды байқауға болады. Төрт қабырға дайын болғанымен ауласы қаңырап бос тұрады.

Жаңа аудандарда жол мәселесі де өзекті болып келді. Қала белсендісі Сағынғазы Даниярұлы бірталай жыл тұрғындарды шаршатқан, бүгін де аяқталуға таяп қалған Мәңгілік ел-Х. Досмұхамедұлы көшелері туралы сұхбат берді.
«Бірнеше жыл бұрын екі көшенің тұрғындары бірігіп, облыс әкіміне хат жазған еді. Содан бері еш қозғалыс болмай, биыл ғана жол жөндеу жұмыстары басталды. Меніңше, облыстық бюджет жетпейді. Өйткені әкімдік үй салуға біршама жерлерді бөліп берді, бірақ оның бәрін жарықтандыруға, инфрақұрылым жүргізуге, жол салуға бірталай уақыт кетеді», - дейді С. Даниярұлы.
Бағдарламаға арнайы сұхбат берген облыс әкімі Асхат Шахаров Ақтөбенің жол мәселесі өте өзекті болып отырғанын айтты.

«Өкінішке орай, жол сапасы бойынша соңғы үштіктеміз. Облыс бойынша жол сапасына қанағаттанарлық жағдай 75 пайызды көрсетті. Әр аудан мен қалада бөлек бюджет қарастырылған. Бірақ облыстық бюджеттің қалған сомасын жолға, суағарларға және қоғамдық кеңістіктерге бөлуді қарастырып жатырмыз», - деді облыс әкімі.
Қаланың ескі аудандарында тозығы жеткен үйлер де бағдарлама назарынан тыс қалмады. Қала шетіндегі Кірпішті елді мекеніндегі үйлер өткен ғасырдың бел ортасында салынған. Көршілес орналасқан тағы төртеуі бар. Олар 1990 жылы бой көтерген. Дегенмен ондағы жағдай да көңіл қынжылтар екен.

Облыс әкімі бұл тұрғындарды жаңа баспанаға орналастыру қажет екенін айтуда.
«Әрине оларды ең алдымен баспана кезегіне тұрғызамыз. Екінші жолы – нарықтық бағамен жеңілдетілген несиемен баспана алуға көмектесу. Бұл үшін Отбасы банкімен, «Бақытты отбасы» бағдарламасы жөнінде келісім бар. Үй салып береміз, бірақ кезексіз баспана бере алмаймыз», - дейді А. Шахаров.
«Таза қала» аллеясы пайда болды

Ақтөбеде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында сенбілік, белсенділердің қатысуымен өтетін шаралар жиі ұйымдастырылады. Облыстық «Жасыл ел» еңбек жасағының төрағасы Нұржан Шаңғытбаевтың айтуынша, жаз бойы Елек, Қарғалы, Сазды өзендерінің жағалауларынан, халық шомылатын орындардан еріктілер 300 тоннадан астам қоқыс шығарған. Көктем айларында тал егу жұмыстары жалғасын табуда. Кезекті сенбілік аясында Ақтөбе қаласында «Таза қала» аллеясы ашылып, көшеттер отырғызылды.

Бизнес өкілдері өз кәсіпорнының ауласын күтіп-баптап ұстауға міндетті. Ақтөбеде сол міндетті артығымен орындап жүрген кәсіпкерлер де бар. Қадырхан Нұрлыбеков басшылық ететін сауда үйінің айналасы ертегі іспеттес.
«Бұл идея сауда үйін салып жатқанда пайда болды, адамдарды, табиғатты, ағаштар мен гүлдерді үйлестіруді ойладық. Өйткені мәдениетті қоғамның өзі қалыптастырады», - дейді Қ. Нұрлыбеков.
Сауда үйінің тағы бір ерекшелігі – көкөніс өсіретін бау-бақшасы. Дайын болған өнімді осында қызмет атқаратын 170 адамға таратып береді екен.

Сондай-ақ, Алтын орда шағынауданындағы жаңа үйлер қаланың ең үлгілі ауласы атануға лайық көрінді. Тұрғын үй 3 жыл бұрын пайдалануға берілген. Құбырларды жөндеу, инженерлік жүйелерді ретке келтіруді құрылыс мекемесі өз мойнына алған. Жасыл желек жайқалып тұр. Мұның бәрі үйді тұрғызған мекеменің бастамасымен егіліп, күтіп бапталған.

«Кішкентай ағаштарды да отырғызуға болар еді. Бірақ бірден ересек шыршаларды отырғызып, ұзақ уақыт күтіп-баптадық. Оған үш жылдай уақыт кетті. Жерсінгендері де, жерсінбей солып қалғандары да болды. Оларды қайта отырғыздық. Аулада жайлы қонысқа бар жағдай жасалған. Ойын алаңы, абаттандыру да жоғары деңгейде. Мұндағы күзетшінің өзі тазалықтың сақталу үшін ерінбей еңбектенеді», - деді құрылыс компаниясының басшысы Владимир Самолкин.
Бір аулаға қойылған 15 қоқыс жәшігі бос тұр

Ақтөбенің темір жол вокзалы маңайындағы ауданға қоқыс жөнінде шағым көп айтылады. Ретсіз қоқыс үйінділері көшелер мен аулалардың әр тұсынан менмұндалап көрінеді. Алайда бір аулаға қойылған 15 қоқыс жәшігі бос тұр. Демек коммуналдық қызметке тағар айып жоқ. Қалдықтарды қоқыс жәшігінің өзіне емес, айналасына тастап үйренген тұрғындарға сұрақ көп.

Облыс әкімі Асхат Шахаров мұны жалға берілетін пәтерлермен байланыстырады.
«Статистика бойынша көбінесе тұрғындар бизнес ретінде үйді жалға береді. Демек, ол жерде тұрақты тұратын тұрғындар аз – келіп-кететіндер, пойызды күтетіндер, іссапарға келетіндер бар. Сондықтан тұрғындар тұрақты болса, ережені қалыптастыру оңай. Бірақ оны себеп ретінде айтып отырған жоқпын, тазалық жұмыстарын әлі де жалғастырамыз», - деді Асхат Шахаров.
Дегенмен Ақтөбеде қоқысты жинау, полигонға тасымалдау, ондағы барлық талаптарды сақтау жолға қойылған. 18 гектар аумақты алып жатқан алаңда күніне 350 тонна қоқыс әкелінеді. Жылдық көрсеткіш 150 мың тоннағы дейін жетеді. Бір қызығы, осынша қалдықтың ортасында қолаңса иіс жоқ.

«Күнделікті келетін қоқыс күн сайын бульдозермен жаншылады, оның үстіне 60 см құм себіледі. Бұл жұмыс полигондағы өрттің алдын алу үшін тиімді. Рекультивация күнде жасалса ешқандай жағымсыз иіс болмайды. Осы аумаққа 1500 терек ағашын еккім келеді. Келесі жылы полигонға емес, паркке келгендей етеміз. Сұрыптау, өңдеу жұмыстары да келесі жылы іске асады», - дейді қалалық қоқыс полигоны басшысы Комета Қуандықова.
109: Қала мәселесі екі сағатта шешіледі
Қала тұрғындары көптеген өзекті проблемаларды 3 жыл бұрын жұмысын бастаған ахуалдық орталыққа хабарлай алады. Мекеме халықтың әлеуметтік, коммуналдық мәселелерінің шешілуіне атсалысады. Жүйесі түсінікті: Тұрғын 109 нөміріне хабарласып немесе фотосуретін жолдайды. Орталық мамандары мәліметті жауапты органға жөнелтіп, тез арада шешілуіне септеседі.

«Кез келген шағым немесе проблема 120 минутта реттеледі. Біздің міндет – өтініштерді қабылдау және тиісті мекемеге жіберу. Ал мәселені шешуші – орындаушы мекеме. Біз екі арадағы алтын көпірміз», - дейді Ахуалдық орталық директоры Ерлан Мұқан.
Бағдарлама жүргізушілері эксперимент жасап, жеке сектордың тұрғындары шығарған заңсыз қоқыс үйіндісін 109 қызметіне хабарлады. Ахуалдық орталық екі сағатқа жеткізбей дереу тазалап, дәлел ретінде суретін де жолдаған.
Сарапшылар бағасы
«Таза қала» жүргізушілері Ақтөбе қаласы туралы барлық ақпаратты жинап, сарапшыларға тапсырды. Мамандар көшедегі тазалық пен тәртіп, коммуналдық қызметтің жұмыс жүйесі, абаттандыру, халық мәдениеті, қала эстетикасы атты бес критерийге сүйене отырып, қалаға өз бағаларын берді.

Бұл шығарылымды сәулетші Серік Рүстембеков, «AMANAT» партиясы жанынан құрылған экологиялық кеңес төрағасының орынбасары Елдос Абақанов және эколог, «Жасыл даму» АҚ департамент директоры Сәбит Тельман бағалады.
«Қаланың орталығын көрсеткенде, жаңа тұрғын аудандарын көрсеткенде қуандық. Олар өте жақсы жағдайда. Бірақ далада жатқан қоқысты көргенде көңіліміз түсті. Бірнеше мүсіндерді де көрсетті. Шынын айтсам, олардың кәсіби деңгейі төмен. Сол үшін қаланың эстетикасы бағасын төмендеттім. Полигон жағдайы басқа қалаларға қарағанда тәуірірек сияқты. Ақтөбе Астанамыздан кем болмауға тиісті», - С. Рүстембеков.
Өз кезегінде Сәбит Тельман қоқысты басқару жағынан кемшіліктері бар екенін, сұрыптау, бөлек жинау, оны қайта өңдеу жұмыстары көрінбегенін айтты.
«Қаланың орталығы көркейіп келе жатыр, көптеген эстетика жағынан біраз қоғамдық алаңдар пайда болған. Әртүрлі зәулім ғимараттар салынған. Үлкен қала болғандықтан, кемшіліктері де болады. Оны облыс әкімі де ашық айтып отыр. Қаладағы көгалдандыру деңгейі де жақсы», - деді Е. Абақанов.

Жалпы есепте Ақтөбе қаласы 19 ұпай алды. Бұл тізімде Астана (25 ұпай), Алматы (25 ұпай), Қарағанды (22 ұпай), Қостанай (22 ұпай), Қызылорда (20 ұпай) қалалары көш бастап тұр. Ал антирекорд – 11 ұпай жинаған Өскемен қаласында.
Еске сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасы аясында Jibek Joly арнасында «Таза қала» ауқымды тележобасы көрерменге жол тартты.
Түсірілім тобы Қазақстанның ірі және шағын қалаларына барып, тазалығы мен көркі туралы әңгімелейді. Журналистер жергілікті тұрғындармен кездеседі, коммуналдық қызметтердің жұмысын көреді, аймақтың экологиялық өміріне белсенді қатысатын барлық еріктілермен танысады.
Бұған дейін Kazinform сайтында Шымкент, Түркістан, Тараз, Қызылорда, Өскемен, Семей, Павлодар, Алматы, Талдықорған, Қонаев, Жезқазған, Қарағанды, Астана, Қостанай, Петропавл, Көкшетау қалаларының тазалығы жөнінде репортаждар сериясы жарияланған еді.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында телеграм-бот іске қосылды. Енді кез келген адам цифрлық жүйе арқылы құзырлы органға экологиялық арыз-шағымын жеткізе алады. Ол үшін боттың басты мәзірінен «өтініш жолдау» опциясын таңдап, мәселенің мән-жайын толық сипаттап жазып, қосымша фото немесе видео жүктеу керек. Хабарламаңыз жергілікті әкімшілікке жолданады. Артынша өтініш тіркелгені, қаралып жатқаны немесе орындалғаны туралы жауап келеді. Нәтижесінде шағымданушы орындалған жұмысты 5 балдық жүйемен және комментарий жазу арқылы бағалайды. Егер 3-тен төмен баға қойылса, мәселе тыңғылықты атқарылуы үшін әкімдікке қайта жолданады.