Мелдебекова қашықтан оқыту жөнінде: мұғалімдер балаларға сабақты түсіндіруге міндетті
АСТАНА.KAZINFORM – Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова мектеп оқушыларын қашықтан оқытуға қатысты түсінік берді.
- Балаларды қашықтан оқыту шешімі күн райына байланысты қабылданып жатады. Атап айтқанда, сабақ қашықтан болса, кейіннен мұғалім оқушының алған білімін міндетті түрде тексеріп отыруы керек, - деді М. Мелдебекова Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, онлайн сабақтың әртүрлі форматы бар. Сабақты өткізу форматына қарай тапсырма беріледі. Түрлі платформалар арқылы педагог оқушылармен байланысқа шығып, сабақты түсіндіруге міндетті.
- Мәселен, математика сабағы бойынша мұғалім берілген тапсырманың шығару жолдарын балаға түсіндіруі керек. Әрбір мектепте педагогикалық кеңестің шешімімен қашықтан оқытудан кейін оқушылардың білімін жетілдіруге қатысты қосымша сабақтарды қарастырады, - деді вице-министр.
Айта кетейік, желтоқсан айының орта кезінде елдің бірнеше өңірінде оқушылар онлайн оқыды.
17 желтоқсанда Астанада бірінші ауысымның 0-6 сынып оқушылары қашықтан оқыды.