Мемлекеттік қызметшілердің ант беру мәтіні жетілдіріледі
АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жылы еліміз бойынша 15 мыңнан аса мемлекеттік қызметші түрлі тәртіптік жауаптылыққа тартылды. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде 2024 жылдың жұмыс қорытындысы бойынша өткен алқа отырысында агенттік төрағасы Дархан Жазықбай мәлім етті.

- Мемлекеттік қызметшілердің антқа адал болуы негізгі ұстанымға айналуы тиіс. Әрбір мемлекеттік қызметші ант қабылдағанда адал, әділ және өз міндеттерін мінсіз орындауға уәде береді. Ант қоғам алдындағы жеке міндеттеме мен жауапкершіліктің көрінісі. Ол қоғамға қызмет ету, ел мүдделерін қорғау және жоғары моральдық құндылыққа сәйкес әрекет ету міндетін жүктейді. Осыған орай мемлекеттік қызметшілердің ант мәтіні мен ант беру рәсімдерін жетілдіру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуі керек, - деді агенттік төрағасы.
Алқа отырысында мемлекеттік қызмет саласын бақылау жұмысында алдын алу шараларына, азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің құқығын қорғауға баса назар аударылатыны айтылды. 2024 жылы агенттік және аумақтық департаменттер мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың сақталуына байланысты тексеріс нәтижесінде 15 мыңнан аса талапты бұзу жағдайын анықтады.
- Заңсыз қабылданған 100-ге жуық акті мен шешімнің күші жойылып, 760 азаматтың құқықтары қалпына келтірілді. Жалпы, 2024 жылы еліміз бойынша 15 мыңнан аса мемлекеттік қызметші түрлі тәртіптік жауаптылыққа тартылған. Қызметтік әдеп нормаларын сақтамағаны үшін 310, ал мемлекеттік қызметке кір келтіретін әрекет жасағаны үшін 165 қызметші тәртіптік жауапқа тартылды, - деді Дархан Жазықбай.
Агенттік бастамасымен жазаның бұлтартпаушылық принципін дәйекті түрде жүзеге асыру механизмдері айқындалды. Осы жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің басқа мемлекеттік органға ауысуына қарамастан, бұрынғы лауазымда жасаған теріс қылықтар үшін жауаптылықтан босатылмайды.
Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшілер арасында заңнамалардың бұзылуын алдын алуда Әдеп жөніндегі уәкілдер институты маңызды рөл атқарады. 2024 жылы Әдеп жөніндегі уәкілдер азаматтар мен мемлекеттік қызметшілерге 28 мыңнан астам консультативтік көмек көрсетті.
Жақында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отаншыл кадрлар басшылық лауазымдарға тағайындалатынын айтты.