Мемлекеттік сатып алу туралы заң шағымдарды үш есеге азайтты
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл 1 қаңтарда «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң күшіне еніп, отандық өндірушілерді қолдау шаралары іске қосылған еді. Қаржы министрі Мәди Тәкиев Үкімет отырысында жарты жылдағы негізгі нәтижелерді айтып берді.

− Өткен жылмен салыстыратын болсақ, біріншіден, шарттар сомасының көлемі 2 есеге өсті. Екіншіден, берілген шағымдар үш есе азайды. Үшіншіден, отандық тауар өндірушілерден сатып алу сомасы 2,5 есеге, жасалған келісімшарттар саны 43%, өсті. Сондай-қ сатып алу мерзімдері 3-6 есеге қысқарды, − дейді Қаржы министрі.
Айта кетсек, бүгін Үкіметте биылғы қаңтар-маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары қаралып жатыр.
Бұған дейін Мәди Тәкиев биылғы жартыжылдықта мемлекеттік бюджеттің кірістері шамамен 11 трлн теңгені немесе жоспардың 106,4% құрағанын айтқан еді.
Сондай-ақ, қайтарылған активтердің 318,1 млрд теңгесі әлеуметтік жобаларға бөлінді.
Ал Қазақстанның мемлекеттік борышы 40 млрд теңгеге ұлғайып, 31,9 трлн теңге болды.