Аралдың түбінде қалған кемелер қайда кетті
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Аралдың айбыны асқақтап тұрғанда айдынында жүзген кемелердің талайынан айырылып қалдық. Сақтап қала алғанымыз саусақпен санарлық. Kazinform тілшісі осы екі санаттағы су көліктерінің жай-күйіне үңіліп көрді.

Біз табан тіреген Балықшылар музейінің алдында Лев Берг, Төлеген Әлімбетов, Төлеген Тоқтаров кемелері тұр.
— Білуімше, осы күні теңізде жүзген небәрі 12-13 кеме қалыпты. Соның төртеуі біздің музейде, яғни мемлекеттің қорғауында. Қалғанын халық металл қабылдайтын орынға өткізіп жатқан көрінеді. Кейбір ауылда тіпті әлдеқашан өткізіп жіберген. Бұған дейін министрлікке сол кемелердің бірен-саранын болса да алып қалып, экспозиция қорына қосу жөнінде ұсыныс білдіргенмін. Депутаттар мұны Мәжіліс мінберінде көтерді. Бірақ ұсыныс сөз жүзінен әрі аспады. Ең болмаса, кемелерді бөлшектеп тиеп әкелетін техника қарастырғанда өзіміз-ақ алып келер едік. Негізі әр балықшылар ауылында бір кеме, бір зәкір тұруы керек деп есептеймін. Қалай десек те, бұл — біздің тарихымыз, — дейді музей меңгерушісі Әлішер Саржанов.

Журналист Ерғали Абдулла Балықшылар музейіндегі Төлеген Тоқтаров кемесі туралы ерекше мәліметпен бөлісті.
— Бұл теңізде ондаған жыл қызмет еткен «Арал балық өндірісі» бірлестігінің ең соңғы болып тоқтаған кемесі екенін жастар білмеуі мүмкін. Кеме капитаны Сәндібек Әлиевтің еңбек кітапшасында 1979 жылы 22 наурызда теңіз навигациясының ашылмауына байланысты Төлеген Тоқтаров кемесінің экипажы біржола таратылып, кеме капитаны балық өндірісі бөлімдерінің біріне жұмысқа ауысқаны көрсетілген. Бұл теңіздің тартылуы көзге көрініп, Арал балықшылары жер-жерге үдере көше бастаған алмағайып кез еді. Арал теңізінің соңғы кемесі сортаң жағалаудың қайыр құмына тұмсық тіреп тоқтаған, — деді әріптесіміз.

Аралдық Серік Дүйсенбаев 2012 жылдан бері гид әрі аудармашы болып еңбек етіп келеді.
Туристер оны Орталық Азияның туристік нысандары туралы ақпарат қамтылған шетелдік кітаптар арқылы табады екен.
Кейіпкеріміз Балықшылар музейіндегі кемелердің боялғанын естісе, шетелдік саяхатшылардың беті қайтып қалатынын жеткізді.

— Фотографтар мен киногерлер теңіздің табанынан табылған кемелерді тот басқан, ескірген күйінде көргісі әрі фото-видеоға түсіргісі келеді. Боялған су көліктері де тарихтың бір бөлігі болғанымен олар үшін фейк саналады. Өзім Өзбекстанға барып көрген жоқпын, бірақ бір білетінім, ол жақта бес-алты кемені бір жерге жинап қойған. Сол арқылы өзбек ағайын туристерге қолайлы жағдай жасап отыр. Арал теңізінің Өзбекстан жағындағы бөлігіне жету оңай емес. Екі күн уақыт кетеді. Бірақ Мойнақтағы кемелер үшін жол ұзақтығы оларға кедергі емес. Туристер хабарласқанда Арал теңізінің Қазақстан жағында ескі кемелер шоғыры бар-жоғын сұрайды. Жоқ десем, көбі келуден бас тартады. Туристер мұндай сапар кезінде тек кемені көріп, біздің қызметімізді ғана пайдаланбайды. Қызылорданың вокзалына келеді, Аралдың қонақүйіне орналасып, кафесінен тамақтанады. Балықшының кемесіне мінсе де бес-он тиынын тастап кетеді. Міне, біз осы табыстан айырылып қалып отырмыз, — деді Серік Дүйсенбаев.
Ол қайраңда қалған кемелер жайынан бөлек туризмді түлетудегі кедергілерді атады.
— Туристерді 30 шақты ғана үй орналасқан Тастүбек деген жерге апарамыз. Самаурынға шәй қою, балық аулау, қуыру, түйе сауу — олар үшін экзотика. Балықшылар ауды түс қайта салып, ертеңіне күн шықпай тұрып жинап алады. Туристер балықшылардың үйіне қонып, осы процесті көреді. Аралға келген шетелдік меймандарды осындай локацияларға апарамыз. Ауылға барып, мал таңбалап, төлдеп жатқанын көрсе де олжа. Жолдың сапасын әлі де жақсарту керек. Бірақ сол кедір-бұдырға шетелдіктер «қазақ экстрим» деп ат қойып алған. Соңғы 4-5 жылдан бері Көкаралды стратегиялық маңызды нысан деп күзетіп тұратын болды. Кіші Арал теңізінің Қазақстан жағы Көкарал бөгетін салып, теңіздің солтүстік бөлігін сақтап қалғанын естіген соң туристер соны көруге келеді. Бірақ алдынан осындай кедергі шығады. Мыңдаған шақырымды артқа тастап жеткенде оны көруіне тыйым салу дұрыс емес деп есептеймін. Туризмді дамыту туралы әңгімеміз әдемі, ал ісіміз мынау, — деді гид.
Көненің көзіндей болған кемелердің енді бірін Арал ауданындағы Ұялы ауылының орнынан 18 шақырым беріден табасыз.
«Сатурн» кемесінің тарихын Қазалы ауданы Кәукей ауылының тұрғыны, мұғалім Сәкен Қабылов жақсы біледі.

— Бұрын бұл кеме Арал қаласына қатынап тұрған. Кейінірек Ұялы ауылдық кеңесіне қарасты елді мекендерге азық-түлік, тұщы су, тұрмысқа қажетті материал тасымалдау үшін қолданылған. Жарты ғасырдан бері теңіз табанында қалған. Биіктігі — 3 метр, ұзындығы — 19, ені — 6 метр. Барлық қаңқасы ағаштан құрастырылған. Кемені қайткен күнде де сақтап қалуымыз керек, — деді бізбен телефон арқылы тілдескен кейіпкеріміз.
Айта кетейік, көрші аудандағы Кәукей, Ажар елді мекендері жағалауға жақын. Ал бұл кеменің қолды болып кетпеуіне ағаштан жасалғаны себеп.
Гид Серік Дүйсенбаевтың айтуынша, Арал ауданында су көліктері негізінен үш жерде шоғырланған. Олар — ескі порт, Жалаңаш ауылының іргесі және теңіздің Шығанақ деген бөлігі.
Соңғысын 2016 жылы кесіп алып кеткен.

— Адамдар бөлшектеп металл қабылдайтын жерге өткізіп жіберген. Бұл үшеуін де бір де бір кеме қалмаған соң Ақеспеге апарып жүргенбіз. Онда 6 кеме бар болатын. Су қайтқан кезде үшеуі қайраңда қалып, олар да жеке қолға өтіп кетті. Сақталған 2 кеменің бірі боялған, — деді ол.
Оларды да болмашы ақшаға сатып жібергісі келгендер болыпты. Тек үлкендердің тәк-тәгімен тыйым салынды.
— Металға өткізгісі келгендер болды. Ондай адамдар ауылдастар арасында да кездесті. Бұл тарих екенін айтып, қарсы тұрдым. Соның арқасында ғана 2 кемені сақтап қала алдық, — дейді Арал ауданы Құланды ауылдық округі Ақбасты елді мекенінің тұрғыны Жарас Қалыбаев.

Бұған дейін біз соңғы бес жыл ішінде Қызылорда облысының Арал ауданында 8 елді мекен тарап кеткенін жазғанбыз.
