Михаил Кукушкин Роттердам турнирінің іріктеу жарысын жеңіспен бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 112-ракеткасы Михаил Кукушкин Роттердам (Нидерланд) ATP 500 турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады.

Қазақстандық спортшы алғашқы матчында дүниежүзілік рейтингіде 318-орында тұрған нидерландылық Йелле Селстің мысын басты.
Бірінші партияда Кукушкин 6:4 есебімен басым түссе, екіншісінде қарқынын үдетті — 6:1.
Бәсеке 1 сағат 18 минутқа созылды.
Михаил Кукушкин іріктеу жарысының финалында әлемнің 130-ракеткасы, франциялық Гарольд Майомен кездеседі. Оны жеңсе, негізгі турнирге жолдама алады.
Негізгі додада Қазақстанның бірінші, әлемнің 39-ракеткасы Александр Бублик өнер көрсетеді. Соңғы уақытта ойыны қожырап кеткен А.Бублик алғашқы айналымда рейтингіде 48-орындағы чехиялық, 19 жастағы Якуб Меншикпен шеберлік байқасады.
Роттердам додасы 9 ақпанда мәресіне жетеді. Өткен жылы мұнда әлемнің 1-ракеткасы, италиялық Янник Синнер чемпион атанған болатын. Қазақстандықтардан Александр Шевченко ширек финалға дейін жетсе, А.Бублик екінші айналымнан аса алмаған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Дэвис кубогында Пәкістанмен матчта Қазақстанның алға шыққанын жазған едік.
Сондай-ақ Пәкістанмен матчта Бейбіт Жұқаев есепті 2:0-ге жеткізді.