«Мың бала» ұлттық олимпиадасына тіркелу жүріп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Ауыл мектептерінде оқитын оқушыларға арналған «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасына тіркелу басталды. Жобаны жетінші жыл қатарынан ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен «El Umiti» корпоративтік қоры ұйымдастырып келеді. Бұл туралы «Мың бала» жобасының жетекшісі Абылайхан Қайролла хабарлады.

«Мың бала» ұлттық олимпиадасына тіркелу басталды
Видеодан алынған кадр

Олимпиаданың басты миссиясы — ауыл оқушыларына сапалы білім алу мүмкіндігін жасау. Жеңімпаздар еліміздегі беделді мамандандырылған білім ордалары — республикалық физика-математика мектебі, «Білім-Инновация» лицейлері және «Дарын» мектептерінде оқу мүмкіндігіне ие болады.

— Жоба басталғалы бері олимпиадаға ауыл мектептерінде білім алатын 817 мыңнан астам 6-сынып оқушысы қатысты. Солардың арасынан 6000 оқушы жеңімпаз атанып, 1800-ден астамы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерге қабылданған. Ал былтыр «Мың бала» олимпиадасының алғашқы 144 түлегі мектепті тәмамдап, жоғары оқу орындарына оқуға түсті. Бұл — жобаның нәтижесін көрсететін көрсеткіш, — деді спикер Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында.

Олимпиадаға қатысу тегін. Биыл тіркелу 20 ақпан мен 20 наурыз аралығында 1000bala.elumiti.kz сайтында жүргізіледі. Байқау екі кезеңнен тұрады: алғашқы іріктеу онлайн өтеді, екінші кезеңде жеңімпаздар білімдерін тереңдетіп көрсетеді.

Олимпиададан табысқа жеткен оқушылар да өз тәжірибелерімен бөлісті. Ақмола облысы, Сандықтау ауданының тумасы Зейнат бұл ауыл балалары үшін үлкен мүмкіндік екенін айтты.

— Аз-аздан үздіксіз дайындалдым. Кейін жемісін көрдім. Жаңа мектепке келгенде бәсекелестік күшейді. Бірақ жаңа ортаға тез бейімделдім, — деді оқушы.

Бұған дейін Kazinform тілшісі инклюзивті білім беру жүйесін дамытуда қандай кедергілер барын тарқатқан болатын.

Соңғы жаңалықтар