Министрлік ескертеді: мультфильм түрінде ұсынылатын зиянды видеолар көбейді

АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік желілерде сырт көзге балалар мультфильміне ұқсайтын, бірақ мазмұнында жасырын деструктивті ақпарат бар бейнероликтер таралып жатыр. Бұл жайлы Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мәлімдеді.

Министрлік ескертеді: мультфильм түрінде ұсынылатын зиянды видеолар көбейді
Фото: Видеодан алынған скрин

Әлеуметтік желілерде Brainrot (аудармасы — мидың шіруі) хэштегімен қысқаметражды анимациялық роликтер қарқынды түрде таралып жатыр. Ұзақтығы — 15–45 секунд. Олардың бірінде бірнеше рет қайталанатын «траллалеро траллаеро» (аудармасы — Алла — шошқа) сынды мән‑мағынасыз көрінетін, алайда құлаққа тез сіңетін вербалдық триггерлер қолданылады. Бірқатар роликте «бомбардино крокадило — мен Палестинадағы балаларға бомба тастағанды ұнатамын» деген фраза астыртын дыбыстық қабат ретінде енгізілген.

Комитеттің дерегінше, мұндай роликтер баланың адамгершілік құндылықтарына кері әсер етіп қана қоймай, агрессивті мінез‑құлық қалыптастыруы мүмкін.

— Ақпараттық кеңістіктегі өзгерістер балалардың психоэмоциялық саулығына қосымша қауіп тудырады, — делінген ведомство мәлімдемесінде.

Осыған байланысты комитет қазіргі цифрлық жағдайда құқықтық базаны жетілдіруге бағытталған ұсыныстар пакетін әзірлеп, Мәдениет және ақпарат министрлігіне, сондай‑ақ Ішкі істер министрлігіне жолдады.

Комитет ата‑аналарға мынадай кеңес береді:

— Баланың қандай контент көріп жүргенін және кімдермен байланыс орнатып отырғанын қадағалау;

— Үнемі ашық әңгімелесіп, сыни ойлау қабілетін дамыту;

— Күмәнді видеоларды анықтаса, дереу құзырлы органдарға хабарлау.

— Саналы ата‑ананың белсенді араласуы — баланың цифрлық қауіпсіздігінің негізгі кепілі, — делінген Балалардың құқықтарын қорғау комитеті хабарламасында.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда балалардың құқығын қорғайтын бөлек басқарма құрылатыны жайлы жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар