Мопедтер енді көлік құралдарына теңестіріледі: оларды тіркеу тәртібі қандай
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасының «Жол қозғалысы туралы» заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес, мопедтер механикалық көлік құралдарына теңестірілді. Бұл туралы Астана қаласы Полиция департаменті хабарлады. Енді мопед иелері көліктерін ішкі істер органдарында міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өткізуі керек.

Жаңа ережелер 2025 жылдың 5 сәуірінен бастап күшіне енеді. Осы күннен кейін тіркеусіз, жүргізуші куәлігінсіз және сақтандыру полисінсіз мопедтерді басқаруға тыйым салынады.
– Заңнамаға сәйкес, мопедтерге қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрден аспайтын немесе электр қозғалтқышы бар, жылдамдығы 50 км/сағ-тан жоғары емес екі немесе үш доңғалақты механикалық көлік құралдары жатады. Оларға мопедтер, скутерлер және басқа да осыған ұқсас қозғалыс құралдары кіреді, – деді Астана қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұрлан Уваев.
Мопедтерді қалай тіркеуге болады?
Мопедтерді тіркеуден өткізу үшін меншік иесі тұрғылықты жері бойынша Арнайы Халыққа қызмет көрсету орталықтарында рәсімдеу керек.
Ол үшін келесі құжаттар қажет:
• Жеке куәлік (электронды форматта ұсынуға болады);
• Тіркеу туралы өтінішті толтыру;
• Мопедтің техникалық құжаттары немесе оның техникалық сипаттамалары туралы мәліметтер;
• Мопедті техникалық тексеруден өткізу;
• Мемлекеттік алымдарды төлеу:
* Тіркеу үшін – 983 теңге (0,25 АЕК);* Тіркеу куәлігін беру үшін – 4 915 теңге (1,25 АЕК);* Мемлекеттік нөмірді беру үшін – 5 505 теңге (1,4 АЕК).
Мопедті басқару үшін қандай жүргізуші куәлігі қажет?
Мопедті басқару үшін келесі санаттағы жүргізуші куәлігінің бірі қажет: A1 – 16 жастан бастап, A және B – 18 жастан бастап. Сондай-ақ, жүргізушілер көлік құралын техникалық тексеруден өткізіп, азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру полисін рәсімдеуге міндетті.
- 2025 жылдың 5 сәуірінен бастап тіркелмеген мопедтерді басқарған немесе жүргізуші куәлігі жоқ тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Полиция департаменті мопед иелеріне тіркеуді кейінге қалдырмай, жүргізуші куәлігін алдын ала алып қоюды ұсынады, – деп атап өтті Астана қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бөлім басшысы Бауыржан Тоқжұманов.
Айта кетелік 5 сәуірден кейін мопедтерін тіркемегендерге қандай жауапкершілік көзделгені туралы және мопед иелері енді А1 санатындағы жүргізуші куәлігін алуға міндеттелгені туралы жазған едік.